Такир БАЛЫҚБАЕВ: «Ұлттық негіз – өсіп, өркендеудің катализаторы»

Dalanews 20 нау. 2018 06:21 1387

Бүгінде білім саласындағы қолға алынған істердің астарына үңілместен түрлі сыни-пікір айту әдетке айналғаны жасырын емес. Осы ретте «Қала мен Дала» газеті оқырмандарының көкейіне жинақталған сұрақтарды жүйелеп, еліміздің білім беру саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, Білім және ғылым вице-министрі қызметіне дейін көтерілген, бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры қызметін абыроймен атқарып отырған білікті басшы Такир Балықбаев мырзаға қойған едік.

 

– Такир Оспанұлы, соңғы жылдары еліміздегі білім беру, соның ішінде педагог мамандарды даярлауға қатысты көптеген іс-шаралар қабылданғанын білеміз. Бұл істер басталғанда Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеп, біраз іске өзіңіз бастамашы болдыңыз. Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-ге ректор болып тағайындалып, өзіңізге таныс істі ары қарай жалғастырып жатырсыз. Педагог мамандарды даяарлауға қатысты мемлекеттік деңгейге қолға алынған іс-шаралардың басы-қасында жүрген маман ретінде айтыңызшы, атқарылған шаралар өз нәтижесін берді ме?

– Педагог мамандардың, соның ішінде білім беру саласына қатысты Тәуелсіздік жылдары көптеген іс-шаралар қабылданып, іске асты. Оның бәрі қазіргі таңда өзінің нәтижесін беріп, жемісін жеп отырмыз. Жалпы бұл сұраққа бірнеше бағытта жауап берген жөн деп есептеймін.

Кез келген саладағы менеджментке қатысты мынадай ұғым бар. Қандайда бір қолға алынған реформалардың нәтижесіне сай сол саланы басқару жүйесі қалыптасады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Елбасының сындарлы саясаты мен білім саласына ерекше көзқарасының арқасында тәуелсіздік жылдары білім беру саласында жүргізілген реформалардың нәтижесі ретінде Қазақстанға тән білім беру жүйесін басқару ісі қалыптасты. Бұл – толықтай өзіміздің мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізген жетістік деп айтуымызға толық негіз бар.

Сонымен қатар, соңғы жылдары қоғамдық ортада ұстаздың мәртебесі көп сөз болғаны өзіңіз де білесіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұстаздардың мәртебесін көтеру, еліміздегі білім беру жүйесі заманауи, жоғары талаптарға сай болуы керек екенін айрықша атап өтті. Қазіргі таңда бұл бағытта қызу жұмыстар жүріп жатыр.

Білім беру жүйесінің негізгі екі элементі бар. Біріншісі – оқушы болса, екіншісі – ұстаз. Оқушы мен ұстаз болмаған жерде білім беру жүйесі болмайды.

Сондықтан біздің білім беру саласына жауапты органдар заман талабына сай ұстаздарды дайындауға ондаған жылдардан бері айырықша көңіл бөліп, бұл бағытта көптеген іс-шаралдарды жүзеге асты.

Қазіргі таңда Қазақстанның орта білім беру саласында 300 мыңнан астам ұстаз шәкірт тәрбиелеп, білім беру саласында еңбек етуде. Ал олардың қатары жыл сайын 4-5 мың жоғары оқу орын бітірген педагог мамандармен толығып отырады.

Осы 300 мың кадрдың әр бес жыл сайын біліктілігін арттырып, заман талабына сай шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік туғызу білім беру саласындағы ең маңызды жұмыстардың бірі. Иә, арнайы нұсқаулықтар, ұдайы болып тұратын жиналыстар ұстаздардың біліктілігін арттыруға аса қатты ықпал етпейді.

Мемлекет шалғайда, тіпті қала ішіндегі ұстаздарға бүгінгі заманның білімін жеткізу үшін әрбір бес жыл сайын ұстаздардың біліктілігін арттыру іс-шараларын ұйымдастырып келеді. Өз басым мұны білім беру саласындағы маңызды шара деп айтар едім. Біздер Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жағдайына сай келетін осындай орталықтар құрып, оларды қажетті әдістемелік құрылғылармен қамтамасыз еттік.

Иә, бұл жұмыстарды іске асыру барысында біраз кемшіліктердің кетуі мүмкін. Бірақ біздер ұстаздардың заман талабына сай біліктілігін жетілдіру ісін толықтай аяққа тұрғыздық. Бұдан басқа еліміздің барлық облыстарында «Өрлеу» біліктілікті жетілдіру орталықтары құрылды. Осы ретте ұстаздардың біліктілігін арттыру орталықтары заман талабына сай дамыту ұдайы жүргізіліп отыратынын айтып жатудың қажеті жоқ шығар.

Осыдан біршама уақыт бұрын елімізде Назарбаев зияткерлік мектептері құрыла бастады. Сол кезде осы білім беру мекемелерінің жанында заман талабына сай оқу бағдарламаларын әзірлеу және педагог мамандардың біліктілігін арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Бұл ретте тиісті мамандар дамыған елдердің білім беру жүйесіндегі озық іс-тәжірибелерімен танысып, олардың Қазақстанға қажетті тұстарын алып, ұстаздардың біліктілігін көтеруді қамтамасыз ететін оқу бағдарламаларын даярлап шығарды.

Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де педагогиканың барлық мамандықтары бойынша жаңа білім бағдарламаларын дайындау қолға алынғанын да айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда біздің түлектер мектептерге жаңа білімді апарып, енгізетін негізгі күшке айналды. Сонымен қатар соңғы он жылдан бері еліміздегі орта мектептерде ағылшын тілінде білім беру ісінің қолға алынуы да маңызды бастама деп есептеймін.

– Маман дайындауда қандай мәселелерге көңіл бөлінеді?

– Маман дайындауда негізіген оқу бағдарламасына, оқушыға сабақ беретін ұстазға және түрлі әдістемелер мен технологияларға баса көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары еліміздегі білім беру жүйесін дамытуға қатысты мемлекеттік деңгейде бірнеше бағдарламалар қабылданып, іске асты. Қазіргі таңда еліміздегі орта буынды білім беретін мектеп ұстаздарының ақпараттық технологияларды пайдаланып, оқушыларға білім беріп жатқаны осы бағдарламалардың нәтижесі деп айтуға болады.

Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-де педагог мамандарды даярлауға қолдау көрсететін оқу және ғылыми әдістемелік бірлестік жұмыс істеп, оның іс-тәжірибесі еліміз бойынша педагог мамандар даярлайтын оқу орындарға таралуда. Мұның бәрі білім беру саласында қол жеткізген басты табыстарымыз деп нық сеніммен айта аламын.

– Сіздің әңгімеңізден Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның өзіне тән білім беру жүйесі қалыптасқанын аңғарғандай болдым. Бірақ білім саласына жауапты мекемелердің осы бағытта атқарған жұмыстарын қоғамдық орта тиісті деңгейде түсіне алмай отырғаныда жасырын емес. Осы ретте көпшілік қауымның білім беру саласына қаратып айтылған сыни-пікіріне қатысты не айта аласыз?

– Егер мамандардың көзқарасымен, яғни, институционалды тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанның білім беру жүйесі толықтай қалыптасты деп айтуымызға болады. Жаңа жүйенің Кеңес заманындағы жүйеге мүлде ұқсамайды. Жаңа арнаға бет бұрғанын кімде болса, түсінеді.

Бүгінде еліміздегі университеттер, колледждер, мектептер мен балабақшалар жаңа бағытта жұмыс істеп жатыр. Олардың ескі Кеңестік жүйеден кеткенін білім саласында жетілдіруге қатысты қабылданған заңнамалар, оқу бағдарламалары, ұстаздар даярлайтын ғылыми әдістемелеріміз, орталықтардың жұмысы айқындай түседі. Мұны Тәуелсіз елдің өзінің білім беру жүйесі деп айтуға толық қақымыз бар.

Ал осы дүниелерді қалыптастыру, оларды ұдайы жетілдіріп отыру оңай шаруа емес екенін көпшілік түсінуі керек. Осы ретте бұған дейінгі білім беру жүйесінен Ұлттық білім беру жүйесіне үйлесетін әдіс-тәсілдерді қабылдап, оларды заманауи дүниелермен ұштастырып, өз жолымызды қалыптастырдық. Оның үстіне Тәуелсіздік жылдары педагогика саласы бойынша ғалымдарымыз еңбектеніп, өздерінің дидактикалық және ғылыми-әдістемелік идеяларын ұсынғанын да ескеруіміз керек.

– Қазақстанда шағын жинақты мектептердің мәселесі өзекті екенін білеміз. Шалғайда жатқан мектептердің заман көшінен қалып қоймауы үшін қандай жұмыстар атқарылғанын талдап айтып берсеңіз?

– Шағын жинақты мектептердің жұмысын жандандыру – білім беру саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Қазақстандағы білім ошақтарының 40 пайызын осы шағын жинақты мектептер құрайды. Осы бір жайттан-ақ білім беру саласына еліміздің географиялық орналасуы әсер ететінін байқауға болады.

Дүниежүзінде жер көлемі шағын мемлекеттерде мұндай мәселе болмайды. Сондықтан біздер шағын жинақты мектептердің мәселесін шешуде еліміздің ерекшелігін назарға алып, шешім қабылдаудың маңызы зор.

Шағын жинақы мектептерде білікті ұстаздардың жетіспеушілігі, бала санының төмен болуы сынды өзіне тән мәселелері бар. Мұндай мектептерге білім беру саласындағы озық технологияны бірден жеткізу ісінде де көптеген қиындықтар кездеседі. Бұл Қазақстанның білім беру жүйесінің өзіндік ерекшелігі десек болады.

– Ректор мырза, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңірудің маңызы жайында айтсаңыз?

– Орынды сұрақ. Біздер оқушылардың бойына ұлттық ерекшелігімізді мектеп жасынан бастап сіңірудің маңызы зор. Бұл үшін Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарының мұраларын жастардың көкейіне қонымды етіп жеткізуіміз керек. Сондықтан олардың еңбектерін бала ұғымына сай, педагогикалық деңгейде зерттеудың маңызы зор. Ал мұны біз ешқандай шетелден әкеле алмаймыз. Осыны жете түсінген педагог ғалымдарымыз Алаш арыстарының мұраларын кең көлемде зерттеп жатыр. Балалардың бойына ұлттық ерекшелігімізді сіңіруде педагог мамандарымыздың сол еңбектерін кеңінен пайдаланып жатырмыз.



Осындай жайттар өзіміздің ұлттық негізімізді тануға түрткі болады. Ал Ұлттық негіз еліміздің өркендеп, дамуының негізгі катализаторы екенін ұмытпауымыз керек.

Жалпы балаларды тәрбиелеп, білім бергенде біздер ұлттық психологиямызды басшылыққа алуымыз керек. Бұл – әлемнің барлық елінде бар тәжірибе. Заман алға қадам басқан сайын дамыған елдер өзінің ұлттық негізін сақтап қалуға күш салуда. Егер дамыған елдердің кез келген салада қандайда бір жетістікке жетсе, оның өзегінде ұлттық ерекшелігі жататынын түсінуіміз керек. Ал оны білмесеңіз, озық іс-тәжірибенің мәнін де, мазмұнын да түсінбеуіңіз мүмкін.



Кез келген халықтың ұлттық ерекшелігі қолға алған ісінің табысқа жетуіне септеседі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, білім беру саласын ұлттық ерекшелігіміздің негізінді дамытудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Айталық, Жапонияның үлкенді сыйлауға негізделген «Кайдзен» принципін алып қарасақ, бұдан таза жапондардың ұлттық ерекшелігін байқар едік. Осы ерекшеліктің арқасында Жапония білімі мен ғылымы, өндірісі өркендеген ел ретінде әлемге танылып отыр. Меніңше, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету қазақтың да қанына сіңген қасиет. Сондықтан ұлттық ерекшеліктеріміздің маңызын түсініп, қадір-қасиетін білуге тиіспіз.

– Такир Оспанұлы, ұлттық ерекшелікті жастардың бойына сіңірудің маңызы жайында жақсы айттыңыз. Бүгінде біздің қоғамда орыс тілінде білім алатын қауымға осы қазақы құндылықты қалай сіңіруге болады? Сонымен қатар, әңгіме арасында педагог мамандарды даярлауда маңызды жұмыстар атқарылғанын да айттыңыз. Педагог мамандардың білімін жітілдіру және мектепке арналған оқу бағдарламасы екі тілді қауымға де ортақ па?

– Қазір қазақ тілді балабақшалар мен кейбір мектептерге барсаңыз, өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатқанын байқайсыз. Олардың бәрі қолын кеудесіне қойып, Қазақстанның Әнұранын айтқанда, бойыңызда айрықша сезім пайда болады. Осы бір қарапайым жайттан-ақ елімізде жас ұрпақ арасында негізгі патротизм қалыптасқанын аңғаруға болады.

Ұзақ жылдар білім беру саласында жұмыс істеген маман ретінде бір мәселені айта кеткенді жөн санап отырмын. Бүгінде жастар арасында тілге байланысты бөлінушілік жоқ. Ал мұндай мәселе Кеңес өкіметі кезінде білім алып, жоғары оқу орынды бітірген үлкендер арасында бар. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастарымыз тілді коммуникация құралы деп түсінеді.



Айталық, жастар ағылшын, орыс, қытай тілін білсе, өздерінің білім көкжиегін кеңейтетін мүмкіндікке ие болғанын түсінеді. Ал аға буын көп тіл білуді қазақ тіліне төнген қауіп деп қабылдайды.
Иә, Кеңес заманында қазақ тілінің көптеген қағажау көргенін көріп өскен буынның мұндай ойын түсінуге болады. Алдағы уақытта тілді коммуникация құралы деп қабылдайтын жастарымыздың заманы туғанда бүгінде дау туғызып жүрген көптеген мәселелер өзідігінен жоғалатына сенімдімін.

Маман даярлауға қатысты ойымды айтсам. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ-де болашақ педагог мамандар «Ұлттық тәрбие» деген пән бойынша өздерінің білімін ұштайды. Бұл  пән қазақ және орыс топтарында оқитын жастарға бірдей қолданылады. Студенттеріміз «Ұлттық тәрбие» пәні арқылы қазақтың ұлттық психологиясы мен тәрбиесі жайында кең көлемді білім алады. Осылайша мұндай маңызды дүниелерді орыс тобындағы педагог мамандарға да оқытып, бойларыны сіңіріп жатырмыз. Дәл осындай соңғы жылдары Қазақстанның мемлекеттілігін дәріптейтін «Мәңгілік ел» пәні де студент жастарға оқытыла бастағанын айта кетуімізге болады.

Ал қазақ және орыс тіліндегі мектептерде оқитын балаларға арналған оқу бағдарламалары бірдей. Тілдің ерекшелікке сай анау айтқандай бөлінушілік жоқ. Осы бір жайттардан-ақ Тәуелсіздік жылдары орта білім саласына арналған оқу бағдарламалары мен әдістемелер жастарды тұтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдырып отырғанын байқауға болады.

Жаратылыстану пәндерінде оқытылатын дүниелер қазақ-орыс тілінде білім алушыларға ортақ. Сол сияқты гуманитарлық пәндер тобына жататын география, тарих, қоғамтану пәндерінің де айырмашылығы жоқ.

Тек қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне және орыс тіліне оқытудың бөлек бағдарламалары бар. Өйткені, орыс сыныбында оқитын балалар «Қобыланды батыр» жырын қазақ тілінде оқитын балалар секілді игере алмайтыны белгілі. Сондықтан орта буынды білім беру саласында орыс тілінде оқитын сыныптарға қазақ тілін үйренуге айрықша басымдылық беріледі. Ал әдеби шығармаларды талдауға келгенде қазақ тілінде білім алатын балалардың жүктемесін орыс тілінде оқитын балаларға қою мүмкін емес.

Істің басында жүрген адам ретінде ойымды айтсам, қазақ қоғамы тілге байланысты бөлінушілікке ұрынып жатқан жоқ. Қайта Қазақстан халқы тұтасып, қазақ тілі бізді біртұтас ұлтқа айналдырып жатқанын көріп жүрмін. Тек арамызда тілге қатысты әңгімелердің ара-тұра көтеріп қоятын адамдар мен ат төбеліндей топтар болуы мүмкін.

Бүгінде балалардың бәрі патриот. Өз басым Қазақстанның көптеген мектептерінде болдым. Сол кезде қазақ және орыс тіліндегі мектептердегі психологияның ортақ екеніне талай рет көз жеткіздім. Оқитын оқу бағдарламалары да, ұстаздардың көзқарасы бәрі-бәрі бірдей.

– Сөз жоқ, бүгінде қазақ тілінде білім беру ісі күн санап дамып келеді. Мұны Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі қазақ тіліндегі топтарға түсуге екі мыңға жуық балалар құжат тапсырса, орыс тілінде білім алуға ұмытылғандардың саны бес жүздің шамасында болатынынан байқауға болады. Дегенмен, Алматыдағы орыстілді кейбір мектептер ұстаздары жаратылыстану пәндерін оқуту барысында Ресейден шыққан оқулықтарды пайдаланады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Иә, мұндай жайттар кездеседі. Бірақ көп емес. Ресейде жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептерге арнап, қосымша сапалы оқулықтарды басып шығаратын «Дрофа» деген баспасы бар. Біздегі орыс тілінде математика, физика, химия пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептердің ұстаздары осындай оқулықтарды пайдаланады. Бұл үшін оларды сөге жамандаудың жөні жоқ.

Олар тек жаратылыстану пәндерінің оқулықтарын ғана пайдаланады. Ал қалған Қазақстан тарихы, қазақ тілі сынды гуманитарлық пәндердің оқулықтарын аталған баспа шығармайды. Сол сияқты біздің орыстілді мектептер Ресей тарихын оқытатын кітаптарды пайдаланбайды.

 

Міне, байқадыңыз ба? Егер біздің ұстаздар ағылшын тілін жетік білсе, ғаламтордан ағылшын тіліндегі өте сапалы оқу әдістемелік құралдарымен танысып, оқушыларға терең білім берген болар еді. Болашақта Қазақстанның ұстаздар қауымы ағылшын тілін меңгерген сәтте негізгі базалық оқу бағдарламасына сүйеніп, Еуропаның, жалпы бүкіл әлемнің ағылшын тіліндегі таңдаулы оқулықтарын пайдаланып, білім беру ісіне пайдаланатын болады. Мемлекеттің ұстаздар ағылшын тілін білуге қатысты талап қойғанда оның астарында осындай стратегиялық мақсат жатқанын кімде болса, байқайтыны анық.

– Такир мырза, бүгінде мектеп оқуларына ағылшын тілінде білім беру ісі қолға алынып жатқанын білеміз. Өзіңіз басқарып отырған Абай атындағы ҚазҰПУ еліміздегі негізгі педагог мамандарды даярлайтын оқу орын ретінде орта білім саласына ағылшын тілінде сабақ беретін педагог мамандарды даярлап жатыр ма?

– Бұл – мәселе осыдан ондаған жыл бұрын көтерілген болатын, дегенмен соңғы екі-үш жылда оған ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның себебі де белгілі. Өткен жылы біздің оқу орын министрліктің тапсырысы бойынша физика, химия, биология және информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде сабақ беретін мамандар даярлаудың оқу бағдарламасын жасап шығарды. Биылғы оқу жылының басынан бері осы оқу бағдарламасы бойынша студенттер білім алып жатыр. Осы ретте оқу бағдарламаларын жыл өткен сайын жетілдіріп отыратынын айта кетуіміз керек. Шындығында оқу бағдарламасы қатып қалған дүние емес, оқу жылының аяғында оның нәтижесін бағамдап, толықтырып, өзгерістер енгізіп отырамыз.

– Өзгеріс демекші, Кеңес заманда оқу бағдарламалары, оқулықтар өзгеріссіз ондаған жылдар бойы пайдаландық. Осыған бойы үйренген жұрт білім беру жүйесіндегі өзгерістерді бірден қабылдай алмайтынын байқауға болады. Қалай ойлайсыз, бізде білім саласындағы өзгерістерге қатысты халық арасында насихат жұмыстары кемшін түсіп жатқан жоқ па?

– Дұрыс айтасыз. Кеңес заманында бір ғана математика пәнінің оқулығы 40 жыл бойы өзгеріссіз оқытылғанын білемін. Меніңше, мұндай жағдайдың қалыптасуы тек қана насихат мәселесіне барып тіреліп тұрған жоқ. Мұның көптеген себептері бар. Соңғы уақыттары біздер ғылымның, технологиялардың, соның нәтижесі ретінде қоғамның, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын байқамаймыз.

Мәселен, осыдан 40 жыл бұрын балаларға тек қана ұстаз ғана білім беруші еді. Иә, арасында кітапханаға барып, өз бетімізше іздендік. Болған, біткені осы. Ал қазір заман өзгерген. Бүгінде ақпарат алудың көздері өте көп. Қалаған дүниемізді ешқандай кедергісіз интернеттен алып оқитын деңгейге жеттік. Білім алудың көздері осындай үлкен өзгерісті бастан кешіп жатқанда ұстаз бен оқушы, ата-аналар арасындағы қарым-қатынас та баяғы деңгейінде қалып қоймай, өзгеруі керек екенін халық түсінуі керек.



Қазір мектеп пен ұстаз білімнің орталығы деп айта алмайсың. Өйткені, бала мен ата-ана интернеттен кез келген ақпаратын алып, өзінше ой қорытатын деңгейге жетті. Мұндай жағдайда мектептің қоғамдағы орыны өзгеруі керек екенін байқайсың. Айталық, кез келген ата-ана ғаламтордан математикаға қатысты қыруар оқулықты көшіріп алып, өз бетінше баласын оқыта алмайды ғой. Себебі, ол үшін оқыту жүйесін, қай ретте оқыту қажеттігі мен әдістемесін білу қажет. Ал оны білмей оқытқан күннің өзінде де нәтижесі қандай болады, баланың «миы ашып» кетпейді ме – түсініксіз.

Ал осының бәрін кім жүйелеп, балаға тиянақты білім береді. Әрине, мектеп пен ұстаз. Сондықтан біздер балаларға заман талабына сай білім беретін жүйелерімізді, оқу-әдістемелерімізді және технологияларымызды ата-аналарған дұрыстап түсіндіруіміз керек.

Бүгінде білім алудың көздері көп. Бірақ жүйелі білім алуды тек қана мектеп пен ұстаз ғана қамтамасыз етеді. Сол себепті білім берудің маңызды жүйелерін балалардан бұрын ата-аналарға көбірек түсіндірген жөн.

Сол сияқты қазір ұстаздардың балаларға 45 минут бойы сабақ түсіндіруі артық екенін байқайсың. Өйткені, қазір бұрын 45 минут бойы түсіндіретін дүниелерді 20 минутта түсіндіріп, балалардың санасына құйып беретін технологиялар бар.

Сондықтан біздер білім саласындағы ақпараттық технологиялар мен  коммуникациялық қызметтерді, білім берудің жүйелерін кеңінін түсіндіруіміз керек. Ата-ана ғаламтордан көптеген дүниелерді оқып алады да, «Қазақстанның білім беру жүйесі неге мұндай емес?» деп сұрақтарды қойып, соңында түрлі әңгімелер пайда болып жататыны жасырын емес.

Қазіргі таңда орта білім беру саласы бес күндік оқу жүйесіне көшіп жатыр. Меніңше, сенбі оқушылар ата-аналарымен мектепке келіп, ұстаздар бір-екі білім беру жүйесіне қатысты ата-аналарға түсіндіріп беруі керек деп есептеймін. Дәл қазір мектеп пен ата-ана арасындағы коммуникация ауадай қажет.

–  Сіздің ойыңыздан түсінгенім үш тұғырлы тіл саясатының өзегінде жастарға көптілділікті коммуникациялық мүмкіндік ретінде түсіндіріп, олардың дүниежүзінің кез келген нүктесінде білім алуға мүмкіндік туғызу жатыр ма? Жалпы үш тұғырлы тілдің қандай пайдасы бар? Соны  түсіндіріп бере аласыз ба?

– Біздер үш тұғырлы тілдің мәні мен мазмұнын халыққа әлі де болса, мейлінше түсіндіруіміз қажет. Шығыс Азияда білім саласы жоғары деңгейде дамыған Сингапур деген ел бар. Олардың мемлекеттік тілі – ағылшын тіл. Ал Сингапурдағы халықтың 70-80 пайызын қытайлар құраса, одан кейінгі орында жергілікті малайлар мен үндістер тұр.

Бүгінде олар қытай, малай, хинди тілінде балаларға білім беруге күш салып жатыр. Олар ағылшын тілінің арқасында білім беру саласын жоғары деңгейге көтеріп, енді ұлттық негізінде ұмыт қалдырмай дамытуға күш салып жатыр.

 

Енді үш тұғырлы тіл бізге қандай пайда әкеледі деген сұрағыңа жауап берсем. Өз басым сырт елдерде өтетін ғылыми конференцияларға жиі барамын. Сондай маңызды басқосулардың бәрінде баяндамалар ағылшын тілінде жасалынады. Егер сол кезде ағылшын тілін білсең, өзіңді қызықтырған іс-тәжірибенің, ғылыми ізденістің нәтижесін тікелей автордың өзінен сұрап алуға болады. Ағылшын тілін білген адам елімізге көптеген игілік әкеледі.

Қазіргі дамыған заманда қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық ағылшын тілінің арқасында дамып жатыр. Ағылшын тілін білген адам ұдайы бір қадам алда жүретіні анық. Ағылшын тілін білмегеннен кейін біздер тілмәштардың көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз. Халықаралық конференция барысында сұрап, біліп алатын мәселемізді түсіну үшін жарты жыл уақытымыз шығындаймыз. Ал бұл уақытта ғылым тағы да алға озып, дамып кетеді. Осының кесірінен ғылымымыз кенжелеп қалады. Сондықтан әрбір ата-ана қазіргі дамыған заманда тілдің саясаттың құралы емес, коммуникация екенін түсінуі керек деп есептеймін.

– Жүйелі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар