5 176 теңгеге қалай күн көреді? Алматы облысы тұрғыны президентке үндеу жасады

Қаракөз Амантай 21 ақп. 2026 10:30

TikTok желісінде Ержан Молдахметов есімді қолданушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өзін Алматы облысы Райымбек ауданы Ұзақ ауылдық округінің тұрғыны ретінде таныстырған азамат көпбалалы аналарға төленетін төлемге қатысты мәселені көтерді.

“Құрметті Президент мырза! Сіз тау басында отырып сай-саланы көрмейсіз. “Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақ та жоқ” деген қазақта ұлы сөз бар еді. Бүгінгі таңда 1973 жылғы 14 қаңтарда дүниеге келген әйелім алты баламен, “Күміс медальмен” небәрі 5 176 теңге зейнетақыға шықты”, - дейді ол.

Видео авторы бұл соманың жеткіліксіз екенін айтып, әлеуметтік төлемдер көлемін қайта қарауды сұрады.

“Бізде, Қазақстанда, қаңғыбас иттерге айына 20 мың теңге ақша бөледі екен. Сондай-ақ бір сотталушыға күніне 7 500 теңге қаражат жұмсалады. Яғни еліміздегі 30 мың сотталушыға тәулігіне 225 миллион теңге кетеді. Ал енді осындай көпбалалы аналарға бөлініп жатқан 5 176 теңге зейнетақыға не келеді? Бізде бір қап ұн 12 мың теңге тұрады. Енді оны сатып алу үшін екі ай зейнетақыны күту керек пе? Осындай заңдарды кім, қай жерімен ойлап шығарып жатыр?”, - деп шүйлікті ол.

Ержан Молдахметов өз үндеуінде депутаттарды халықтың мұң-мұқтажына жақын болуға шақырып, көпбалалы аналарды қолдау шараларын күшейтуді өтінді. Сондай-ақ ол ауылдағы тұрмыс ауыр екенін, елді мекенге әлі газ тартылмағанын, тұрғындар көмір жағып отырғанын атап өтті.

“Біздің депутаттар - Ардақ Назаров, Жанарбек Әшімжан және Жанболат Жөргенбаев - сіздер халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін, елдің ішінде, елмен бірге болуларыңыз керек еді. Ал бүгінгі таңда сіздер мен халықтың арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатыр. Өйткені сіздердің қарындарыңыз тойып қалған болу керек.

Қазіргі таңда ауылдың тұрмыс-тіршілігінің ауырлығы соншалықты, бізге әлі газ келген жоқ, әлі де көмір жағып, күл шығарамыз. Сол сияқты әйел адамдардың істеп жатқан жұмыстары өте ауыр.

Осыны ескере отырып, осы заңдарды қайтадан қарастырып, қазақ әйелдеріне деген қолдауды күшейтулеріңізді сұраймын. “Ел боламын десең - бесігіңді түзе” дейді. Алтын құрсақты аналардың бүгін қадірі болмай тұрғаны өкінішті”, - деді Ержан.

Ол мемлекетте аналардың жағдайына қарап, елге жанашырлық танытатын адам табылмай отырғанын айтып қынжылды.

“5 176 теңге алғаннан кейін қазақ аналары жас ұрпақты қалай көбейтеді? “Болсаң - ол бол, қақың жоқ ұйықтап жатқан сәбиді тербетуге…”, - деп сөзін түйіндеді Молдахметов.

Қазіргі уақытта ресми органдар бұл үндеуге қатысты пікір білдірген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove