Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК қарауындағы қайта жаңғыртылған 86 суару арнасын цифрландыру жұмыстарын бастайды, деп хабарлайды Dala News.
Жоба аясында механикалық гидротосқауылдар автоматтандырылып, су көлемі мен деңгейін есептейтін құрылғылар орнатылады. Нәтижесінде 502 шақырымнан астам суару желісі цифрлық форматқа көшіріледі.
Вице-министр Аслан Әбдіраимовтың айтуынша, бұл – ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытындағы жалғыз жоба емес.
«Биыл Ислам даму банкінің қолдауымен оңтүстік өңірлердегі 103 арнада жұмыс басталады. Соның нәтижесінде 2027 жылға дейін 900 шақырымнан астам канал жаңғыртылады. Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 263 арнаны реконструкциялау және автоматтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталады», – деді ол.
Министрлік мәліметінше, ирригациялық инфрақұрылымды цифрландыру су ресурстарын тиімді басқаруға, су ысырабын азайтуға және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
