Алматыда Экспорттаушылардың жыл сайынғы форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Онда бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар шикізаттық емес экспортты дамыту және қазақстандық өнімдердің шетел нарығындағы үлесін арттыру мәселелерін талқылауда.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров форум тақырыбы Мемлекет басшысы қойған міндеттермен тікелей байланысты екенін айтты.
«Форумның тақырыбы Мемлекет басшысы қойған міндеттермен тікелей байланысты. Әңгіме шикізаттық модельден өңделген өнім шығаруға көшу және жоғары қосылған құны бар тауарлардың үлесін арттыру туралы болып отыр. Біз салалық талдау жүргізіп жатырмыз және өнеркәсіптік өнім экспортына қызығушылықтың тұрақты өсуін көріп отырмыз», – деді ол.
Оның айтуынша, қазір басты назар сыртқы нарықтарға шикізат емес, бәсекеге қабілетті дайын өніммен шығатын компаниялардың нақты тәжірибесіне аударылып отыр.
Мысал ретінде теміржол өнімдерін экспорттау жобасы келтірілді. Қазақстандық кәсіпорындар рельстік бекітпелер мен темірбетон шпалдарын Орталық Азия елдеріне және Ресей Федерациясына жеткізуде. Сонымен қатар сату географиясын кеңейту бойынша келіссөздер жүргізілуде. QazTrade арқылы Пәкістан нарығына шығу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
«БЕНТ» фирмасының президенті Дінмұхаммед Кузиев рельстік бекітпелер толық жинақ күйінде негізгі экспорттық бағыттардың бірі болып отырғанын атап өтті.
«Біз Орталық Азиядағы толық жинақтағы рельстік бекітпелерді өндіретін жалғыз кәсіпорынбыз. Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade қолдауымен Қырғызстан мен Өзбекстанға жеткізілім жолға қойылды, сондай-ақ Ресей Федерациясына экспорт басталды. Өткен жылы сауда-экономикалық миссиялар аясында Иран мен Түрікменстанға бардық, қазір белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі шамамен 5 млн долларды құрады. 2026 жылы оны 8 млн долларға дейін арттыруды мақсат етіп отырмыз», – деді ол.
QazTrade мәліметінше, мұндай жобалар жоғары қосылған құны бар өнім экспортының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Орталық кәсіпорындарды сыртқы нарықтарға шығару барысында сауда миссияларын ұйымдастырудан бастап келіссөздер жүргізу мен келісімшарттарға қол қоюға дейін кешенді қолдау көрсетуді жалғастыруда.
