Экология министрлігіне 2026 жылға нақты міндеттер жүктелді

Самал Асқар 20 ақп. 2026 19:33

Бүгін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Dala News.

Жиында 2025 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Алқа отырысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор, аумақтық бөлімшелер және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру бағытындағы негізгі нәтижелерді баяндады. Вице-министрлер жетекшілік ететін салалар бойынша егжей-тегжейлі есеп берді.

Роман Скляр өз сөзінде алқа отырысы жаңа Конституция жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

«Конституция жобасының ұсынылған редакциясында қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы орта құру, табиғатқа ұқыпты қарау іргелі қағидат ретінде енгізілді», – деді ол.

Қазіргі уақытта министрлік қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару, шығарындыларды мониторингілеу, орман өрттерін ерте анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге баруды бақылау бойынша цифрлық жобаларды іске асырып жатыр. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі 2025 жылы 2,2 млн гектар аумақты қамтыды. Жүйеге жасанды интеллект енгізіліп, деректер жедел басқару орталығына бірден жіберіледі. Жыл соңына дейін ең жанғыш ормандардың 5,4 млн гектары толық қамтылмақ.

Министрлік үшін маңызды міндеттердің бірі – жеке инвестицияларды тарта отырып, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту. Сонымен қатар 2 млрд ағаш отырғызу және орман алқабын 14,5 млн гектарға жеткізу жұмыстары жалғасуда.

Оң көрсеткіштерге қарамастан, жердің деградациясы мен шөлейттену мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл бағытта жел эрозиясын азайту, құмды бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру үшін қорғаныс орман белдеулері құрылмақ.

Жиын барысында 2026 жылға арналған міндеттер белгіленіп, экологиялық қауіпсіздікті күшейту, биоәртүрлілікті сақтау және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove