Зауытбек Тұрысбеков: «4-5 миллион қазақты елге әкелу керек»

Dalanews 20 нау. 2018 06:45 1335

Бүгін Астанада наурыз мерекесін атап өткен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жаңа орынбасары Зауытбек Тұрысбеков соңғы 8 айға есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.



Онда 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бесінші құрылтайында Елбасы тапсырған 7 тапсырманың біразы орындалып жатқандығы туралы айтылды. Тікелей Президент тапсырмасымен «Отандастар» қоры құрылып, бүгінде өз жұмысын жүргізіп жатыр.

«Әуелі өздеріңіз білетіндей «Мәңгілік ел» болу үшін халықтың санын көбейту керек. Сол себепті де елден жырақта жүрген 4-5 млн қазақты отанға әкелу керек.



Біз Ресейді, Моңғолияны, Қытай мен Өзбекстанды аралап шықтық. Келгісі келіп отырған бір миллиондай халық бар. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе бар. Ол – осындағы халықтың өзінде баспана жетіспей жатыр. Үй-күйі жоқ. Сондықтан оларға әуелі баспана, сосын жұмыс орынын беруіміз керек» – дейді Төрағаның орынбасары.

Ол бұл тұрғыда Шымкенттің шетіндегі «Асар» ауылын үлгі етті.
– Оны осыдан 15 жыл бұрын жасағанбыз. Осының жобасын жаңғырту мақсатында, Астанадан 10 шақырым (Қарағанды-Астана трассасының бойында) 200 гектар жер алып отырмыз. Оны алдағы уақытта 500 гектарға  ұлғайту жоспарда бар. Екінші – Шымкент пен Ташкент арасынан 200 гектар жер алдық. Онда да елді-мекен жасауға әрекет жасап жатырмыз, – деген Зауытбек Тұрысбеков бұл жерлерге Қытайдан инвестиция тартатынын айтты.

Ол үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы 51 өнеркәсіптік жобасының қатарына қосылу мақсатында жұмыс істеліп жатқанын айтты.

«Сол арқылы Қытайдан 5-6 зауыт әкеліп, солар арқылы екі елді-мекеннің құрылысын бастаймыз. Бұл алдағы уақытта еліміздің 9 облысында жалғасын табатын болады» – дейді Зауытбек Тұрысбеков.



Оның айтуына қарағанда, Қауымдастықтың алға қойған мақсаттары толық орындалған жағдайда алдағы 5 жылдың ішінде елге келген қандастардың барлығы жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

«Біздің сондай есебіміз бар. Бес жылда елге келген жалпы бауырларымыздың баспанасы мен жұмыс орнын шешуіміз керек. Бұл – Елбасымыздың тапсырмасы» – дейді Зауытбек Тұрысбеков.

Оның айтуына қарағанда, шетте жүрген қазақтардың ең басты мәселелерінің бірі ұлт ретінде тілден айырылып бара жатқандығы.
– Қытайда болдық. Барлық жастар қытай тілінде сөйлейді, ақпаратты сол тілде алады. Ресейдегі жағдай да тура сондай. Барлығы орысша оқып жатыр. Сондықтан біз қазір бағдарлама жасап жатырмыз. Онда сол балаларға қазақ тілін қалай меңгерту керек, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді қалай үйретеміз деген мәселелер қаралған. Сол үшін біз қысқа да нұсқа 8-9 бейнеролик жасадық. Себебі қазіргі жастар ұзақ, бір сағатттық, екі сағаттық киноны көрмейді. Біз соны ескере отырып ұлттық рухымызға, таным-түсінігімізге қатысты дүниелерді 5 минутқа сидыруға тырыстық, – дейді ол.

Алдағы уақытта бұл роликтерді кинотеатрлармен келісе отырып, кино басталардың алдында үлкен экраннан көрсетуді қолға алмақшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар