Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да конституциялық реформаның құқықтық негіздері жан-жақты талданды

Ақтоты Жапатова 20 ақп. 2026 17:30

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстандағы конституциялық реформа: мемлекет институттары мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының құқықтық негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ауқымды жиын алдағы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, прокуратура органдарының басшылығы, сондай-ақ жетекші заңгер-ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Кездесуді ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жаңа Конституция жобасында «айрықша жаңашылдығымен ерекшеленетін» негізгі идеялар көрініс тапқанын атап өтті. Универитет басшысының айтуынша, құжатта халықтың ел егемендігінің бірден-бір қайнар көзі екені, Ұлы даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекарасының мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау қағидаттары нақты бекітілген.

«Конституция жобасында мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны дамыту, табиғатқа жанашырлықпен қарау, барлық мемлекеттермен бейбітшілік пен достықты нығайту сияқты жаңа құндылықтар айқындалған. Бұл ережелер ел азаматтарының барлығын біріктіретін іргелі құндылықтарды айшықтайды», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков және Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова сөз алды. Халық қалаулылары өз сөздерінде конституциялық реформаның елдегі демократияландыру бағытының заңды жалғасы екеніне назар аударды. Олар жаңа құқықтық нормалар азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, билік институттарының ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігін күшейтетінін жеткізді.

Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков өз баяндамасында Негізгі заң жобасына енгізілетін негізгі өзгерістерге жан-жақты талдау жасап, әр тармаққа жеке-жеке тоқталды.

Сондай-ақ басқосуда ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Конституциялық комиссия мүшесі Еркін Дүйсенов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры Есенжол Әлияров және өзге де сарапшылар баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының профессор-зерттеушісі Жанар Кегембаева дөңгелек үстелдің ерекшелігі азаматтық қоғам өкілдерінің көптеп қатысуында екенін атап өтті. Ол уақыт жылдам өзгеріп, елдегі және әлемдегі саяси ахуал жаңарып, цифрландыру үдерісі қарқын алып келе жатқанын айтты.

«Жаңа Конституция – заман талабы әрі қоғам сұранысы. Бүгін біз барлық жаңашылдықтарды талқылап отырмыз. Нәтижесінде мемлекетіміздің жаңа Конституциясын қабылдау мақсатында референдумға белсенді қатысу болады деп сенемін», – деді сарапшы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар алдағы референдум «Әділетті Қазақстан» қағидатын орнықтыру жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Кездесу қорытындысында конституциялық жаңғыру жағдайында заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған сараптамалық ұсынымдар әзірленді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove