Өскеменде аяқ киім дүкенінің ашылуы кезінде келушілер арасында қысым орын алды, деп хабарлайды Dala News.
Оқиға куәгерлерінің мәліметінше, ашылу салтанаты аясында концерт ұйымдастырылып, келушілерге палау, мақта кәмпиті және 100 жұп тегін аяқ киім ұсынылған.
Алайда шара соңына қарай адамдар саны күрт көбейіп, тегін тарату аймағында адамдар бір-бірін итеріп, асығып, нәтижесінде қысым болғаны айтылды. Жағдайдың салдарынан жарақат алу қаупі туындаған.
Желі қолданушылары бұл жағдайды акция форматының өзімен байланыстырады. Олардың пікірінше, тегін тағам мен шектеулі сыйлықтар жоғары сұраныс туғызып, адамдар арасында ажиотаж қалыптастырған.
Мұндай жағдайлар бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2022 жылы Қызылордада қала күні кезінде тегін палау тарату қысым мен төбелеске ұласқан. 2023 жылы Наурыз мерекесі кезінде де бірнеше қалада тегін тағам үшін кезекте қысым болғаны айтылды.
Сондай-ақ 2025 жылы Ақтауда балаларды қорғау күніне орай балмұздақ тарату кезінде балалар көпшіліктің ішінде жоғалып кеткен жағдайлар тіркелген. Ал Атырауда қайырымдылық акциясы барысында алма жинау кезінде ағаштар бүлінген.
Сарапшылардың пікірінше, тегін тарату акциялары дұрыс ұйымдастырылмаған жағдайда қауіп тудыруы мүмкін. Осыған байланысты ұйымдастырушыларға адамдар ағынын бақылау, тарату жүйесін реттеу және қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
