Жамбыл облысында әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы кабинетінде ұсталды

Көркем Алдабергенова 13 сәу. 2026 17:46

Жамбыл облысында күштік құрылым қызметкерлері жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркен Келесовті жұмыс орнында ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ulysmedia.kz дереккөздерінің мәліметінше, шенеунік тікелей кабинетінде қолға түскен. Қазіргі уақытта оның кабинеті жабық, ал телефонына жауап бермейді.

Еркен Келесов Тараз қаласының тумасы. Білімі бойынша бухгалтер, Шымкенттегі кәсіптік училищені және Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын салық саласында бастап, аға инспектор қызметін атқарған. Кейін өңірдегі салық органдарында басшылық лауазымдарды иеленіп, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында басқармаларға жетекшілік еткен.

2016–2022 жылдары Жамбыл ауданында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарды. 2022 жылы облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2023 жылы қысқа уақыт мемлекеттік сатып алу басқармасына ауысып, кейін қайтадан әлеуметтік салаға оралған. Сол жылдың желтоқсанынан бастап қайтадан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған.

Материал жарияланған сәтте құқық қорғау органдары мен әкімдік тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove