“Эконом”, “бизнес”, “премиум” – заңда жоқ: заңгер үй таңдау кезінде алданбауға үндеді

Көркем Алдабергенова 13 сәу. 2026 14:55

Қазақстанда тұрғын үй нарығында жиі қолданылатын “эконом”, “бизнес”, “премиум” сияқты санаттар заңда нақты бекітілмеген. Бұл туралы заңгер Талғат Әлиев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, пәтер сатып алушылар көбіне құрылыс компаниялары ұсынған атауларға сеніп, нақты нормативтерге назар аудармайды.

«Сіз пәтер сатып алғанда қандай санаттағы үй алдыңыз? Сату бөлімі сізге қандай пәтер сатты, эконом ба, премиум ба, бизнес па? Білесіз ба, эконом, премиум немесе басқада санаттағы үйлер заңдарда жоқ екенін?» - дейді заңгер.

Әлиевтің сөзінше, тұрғын үйлердің нақты жіктелуі Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерінде көрсетілген.

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕР ЖИНАҒЫНДА (ҚР ЕЖ 3.02-101-2012) төрт классқа бөлген. I класс - әр пәтерге 2 паркинг, II класс - 1 паркинг, III класс - 100 м²-ге 1 орын, IV класс - минимум», - деп нақтылайды ол.

Заңгер өз үйінің нақты қай класқа жататынын қарапайым есеп арқылы анықтауға болатынын айтады.

«Ал енді есептеп көріңіз, сіздің үйіңізде қаншама пәтер бар, және паркингте қаншама орын бар екенін. Осы есеп арқылы сіздің үйіңіз қай класстағы үй болып есептеледі», - дейді ол.

Сонымен қатар, Әлиев мұның тек формалды талап емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтеді.

«Не үшән бұл маңызды? Егер көліктер аулада емес, тұрақта болса, өрт сөндіру көлігі шұғыл жағдайда дер кезінде жетеді. Төтенше жағдайын ушығуына жол бермейді. Демек бұл сіздің қауыпсіздігіңіз», - деп түсіндіреді заңгер.

Ол мемлекеттік органдардың осы талаптарды неге жеткілікті деңгейде бақыламай отырғанына да назар аударады.

«Осыны нормативты неліктен мемлекет мекемелер қадағаламайды? Құрылыс компаниялары алдауға неге жол беріледі?» - дейді ол.

Сөз соңында заңгер азаматтарды нормативтік құжаттарды өздері қарап шығуға шақырды.

«Мына айтып отырған ережелер жинағын дұрыстап оқып шықсаңыз, біраз пайдалы ақпарат аласыз да, біреуге жем болмайсыз», - деп қорытындылады ол.

 
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove