“Педагогтерді тестілеуден босату мәселені шешпейді”. Сарапшы білім жүйесіндегі түйткілдерді айтты

Қаракөз Амантай 13 сәу. 2026 17:29

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Енді мұғалімдер пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Министрдің айтуынша, бұл талап педагогикалық оқу орнын жаңадан тәмамдап, алғаш рет еңбек жолын бастайтын жас мамандарға ғана сақталады. Сонымен қатар ұстаздардың қағаз түрінде портфолио жинау міндеті жойылып, жүйе толық электронды форматқа көшіріледі. Авторлық бағдарлама әзірлеу талабы да күшін жоймақ.

Министрлік аталған өзгерістерді педагогтердің артық жүктемесін азайтып, қағазбастылықтан арылтуға бағытталған қадам ретінде түсіндірді. Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төралқа мүшесі, білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы да Dalanews.kz тілшісіне берген пікірінде бұл өзгерістер ұстаз мәртебесіне оң ықпал етуі мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, тәжірибелі педагогтің кәсіби біліктілігін тек тест нәтижесімен бағалау мұғалім мамандығының шынайы табиғатын толық ашып бере алмайды. Себебі ұстаздың кәсібилігі тек теориялық біліммен емес, тәжірибесімен, әдістемелік шеберлігімен, оқушымен жұмыс істеу қабілетімен және психологиялық дайындығымен өлшенуі тиіс.

Сонымен бірге сарапшы мұндай бастамалар түбегейлі реформа ретінде қарастырылмауы керек екенін атап өтті.

"Жүйелік реформа тек тестілеуді алып тастаумен шектелмеуі тиіс. Ол үш негізгі бағыттан тұруы керек. Біріншісі – басқару реформасы. Яғни облыстық білім басқармаларын Оқу-ағарту министрлігіне тікелей бағындыру қажет. Бұл білім саласындағы жауапкершілікті нақтылап, басқару жүйесін бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Екіншісі – кадр реформасы. Педагогикалық мамандықтарға іріктеуді күшейту керек. Болашақ мұғалімдерді тек жинаған балымен емес, олардың қабілетімен, педагогикалық бейімімен бағалау қажет. Үшіншісі – академиялық еркіндік. Мұғалімге қағаз есеп емес, шығармашылық еркіндік берілуі керек. Ұстаз негізгі уақытын есеп толтыруға емес, бала оқыту мен тәрбиелеуге жұмсауы қажет", - деді Өмір Шыныбекұлы.

Оның айтуынша, педагогтерді тестілеуден босату бастамасы әкімшілік ауыртпалықты азайтуы мүмкін, алайда бұл білім саласындағы қордаланған мәселелерді түбегейлі шешпейді.

"Қазақстанның білім саласындағы реформаны ең алдымен басқару жүйесінен бастау керек. Әйтпесе бүгінгі басқару жүйесінің өзі – парадокс. Білім басқармасының басшысын облыс әкімі тағайындайды, ал білім сапасына Оқу-ағарту министрі жауап береді. Білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындыру туралы мен 2015 жылы сол кездегі министр Аслан Сәрінжіповке жазған ашық хатымда да айтқан едім", - деді ол.

Өмір Шыныбекұлының пікірінше, дәл осы басқару құрылымындағы қайшылық еліміздегі білім реформаларының тежелуіне әсер етіп отырған басты факторлардың бірі. Оның айтуынша, министрлік пен әкімдік арасындағы қосарланған бағыныштылық басқару тиімділігін әлсіретіп отыр.

"Бүгінгі жүйеде "кім кінәлі?" деген сұрақ туындағанда, екі жақ бір-біріне сілтей алады. Министрлік "біз бағдарлама мен стандартты бердік, бірақ оны іске асыратын кадрларды әкімдік тағайындады, қаржыны солар бөлді" дейді. Ал әкімдік "біз тек шаруашылықпен айналысамыз, мазмұнға министрлік жауапты" дейді. Соның салдарынан білім сапасы екі ортада қалып қояды", – деді сарапшы.

Осыған байланысты ол білім басқармалары мен бөлімдерін тікелей министрлікке бағындыру қажеттігін айтады. Сарапшының пайымынша, мұндай жүйе енгізілсе, білім беру саласында саяси бейтараптық қалыптасып, мұғалімдер жергілікті атқарушы органдардың түрлі қоғамдық науқандарынан босайды. Сонымен қатар басқарушы кадрларды іріктеуде меритократия қағидаты күшейіп, қаржылай ашықтық артады.

Бұдан бөлек, Өмір Шыныбекұлы білім сапасының негізі педагог даярлау жүйесінен басталатынын атап өтті. Оның пікірінше, педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптарын қайта қарау қажет.

"Әлемдік озық тәжірибеде жоғары оқу орнына қабылдауда тек ҰБТ баллына ғана қарамай, бейімділікті де есепке алады. Мысалы, Финляндияда солай. Ал қазіргі жүйеде грантқа басқа мамандыққа ұпайы жетпегендер амалсыздан мұғалімдікке барып жатады", – деді сарапшы.

Оның пайымынша, педагогикалық мамандықтарға қабылдау кезінде талапкердің тек академиялық көрсеткіші емес, психологиялық дайындығы мен педагогикалық бейімі де ескерілуі тиіс. Бұл мектепке шын мәнінде ұстаздық жолды саналы таңдаған әрі балалармен жұмыс істеуге бейім мамандардың келуіне жол ашады.

Бұған дейін

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттауға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берген еді.

Бұған дейін министр мұғалімдердің пәндік біліктілігін бағалау тесті тоқтатылғанын айтқан. Осыдан кейін ұстаздар арасында даулы сауалдар туындаған.

"Біріншіден, бұл уақытша тоқтату емес. Енді ұстаздарымыз пәндік біліктілік тестін тапсырмайды. Бұл тестті алып тастадық", - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл тестті тапсыратын бір санат бар, бұл санатқа оқу орнын жаңа бітірген түлектер жатады.

"Бұл тестті кім тапсырады? Педагог мамандығына ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені олар мамандыққа енді ғана келе жатыр. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет. Осы жаңа ұстаздар екі жылдан кейін педагог модератор біліктілік деңгейіне қадам басқан кезде педагог біліктілік тестін тапсырады. Қалған санатқа өздері аттестацияға тапсыратын бірде бір ұстаз педагог біліктілік тестін тапсырмайды. Педагог біліктілік тестінің аттестацияға ешқандай байланысы болмайды", - деді ол.

Мұғалімдердің портфолиосына қатысты да өзгерістер күтіп тұр.

"Портфолио жинақтау енді электрон форматта болады. Ұстаз ретінде портфолио, қағаз жинақтап, әркімнен қол жинап жүрмейсіз", - деді шенеунік.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, авторлық бағдарлама бойынша да өзгеріс бар.

"Авторлық бағдарламалар да тоқтатылады. Енді авторлық бағдарлама жазып, ұсынудың қажеті жоқ", - деді Жұлдыз Сүлейменова.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove