Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдестері туралы кітап шығаратынын мәлімдеді

Назым Қаһарман Бишімбаевтың көңілдестері туралы кітап шығаратынын мәлімдеді
Коллаж: informburo.kz

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қаһарман алдағы уақытта өмірбаяндық кітабын жарыққа шығармақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Назым Қаһарманның айтуынша, қазір кітап баспаның қарауында жатыр. Туындының таныстырылымын биыл күзде өткізу жоспарланған.

Автор бұл еңбектің автофикшн жанрында жазылғанын айтты. Яғни кітап нақты өмірде болған оқиғаларға негізделгенімен, онда көркем әдебиетке тән тәсілдер де қолданылған.

Назым Қаһарман кітабында бұрынғы жұбайының жеке өміріне қатысты кейбір жайттарды да қозғайтынын жеткізді. Оның сөзінше, туындыда Бишімбаевтың көңіл жарастырған әйелдері туралы айтылады. Алайда олардың тек есімдері ғана көрсетіліп, жеке деректері жарияланбайды.

Сонымен қатар ол кітаптағы мәліметтерге байланысты қандай да бір талап-арыз түссе, өз ұстанымын дәлелдеуге дайын екенін айтты. Қаһарманның сөзінше, оның қолында бұрынғы күйеуіне қатысты хат-хабарлар мен басқа да дәлелдер сақталған.