Есілге 3,5 мың текше метр лас су төгілген: кәсіпорынға қандай шара қолданылды?

Есілге 3,5 мың текше метр лас су төгілген: кәсіпорынға қандай шара қолданылды?
Фото: КТК

Петропавлда қаланың нөсер кәрізінен жиналған суды тазартумен айналысатын коммуналдық кәсіпорын Есіл өзеніне ағын суды заңсыз төккен. Компанияға 174 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Табиғатты қорғау прокуратурасының мәліметінше, кәсіпорын былтыр жыл соңында бір айға жуық уақыт бойы өзенге ағын су жіберген. Бұл жағдай қыста болғанымен, заң бойынша мұндай суды тек жылдың жылы мезгілінде ағызуға рұқсат етіледі.

Экологтер жүргізген тексеру барысында ағын су құрамындағы 16 көрсеткіштің рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды. Олардың қатарында нитриттер, нитраттар, сульфаттар мен мұнай өнімдері бар.

Сотта кәсіпорын өкілі бұл қадамға мәжбүрлі түрде барғанын айтқан. Оның түсіндіруінше, қыс бойы су бұру жүйесінің жұмысын тоқтату мүмкін болмаған.

"Коммуналдық кәсіпорын аумағына орнатылған шығын өлшегіш құралдардың көрсеткішіне сәйкес, қыс мезгілінде жалпы көлемі 3,5 мың текше метрден асатын ағын су төгілген. Сот актісі заңды күшіне енді, қазір айыппұлды өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Ерұлан Бимендин.