Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы тұңғыш чемпионы Михаил Шайдоровтың бірнеше ай бойы жалақы алмауына байланысты жағдайды сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутат Олимпиададан кейін спортшы өзін «қаржылық вакуумда» сезінгенін айтқанын еске салды.
«Мен Михаил Шайдоровтың Олимпиададан кейін өзін қаржылық вакуумда сезінгені туралы мәлімдемесін көрдім. Оның жалақысына қатысты дау болғанын білесіздер. Бірақ ол Миланда Қазақстанға алтын медаль әкелген жалғыз спортшы екенін ескерсек, бұл еліміздің мақтанышы. Сондықтан ол мұндай сөзді жайдан-жай айтпаған шығар деп ойлаймын. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға түсініктеме беруі керек. Егер бізде Олимпиада чемпиондары көп болса, бір жөн. Бірақ бізде ол жалғыз. Ал оны қаржыландыру мәселесі көңіл көншітпейді», - деді Пономарев.
Ол депутаттар мұндай деңгейдегі спортшыны қалыпты қаржыландырудың қаншалық маңызды екенін түсінетінін айтты.
«Мүмкін бұл жай реніш шығар, нақты айта алмаймын. Бірақ Олимпиада чемпионының жалақысыз жүруі менің басыма сыймайды. Оның дәрігері жоқ, жарыстарға дайындала алмай отыр. Бұл ақылға сыймайтын абсурд. Біз Михаилмен байланысып, жағдайды өз аузынан естиміз деп ойлаймын. Мүмкін депутаттық сауал да жолдаймыз», - деді депутат.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов та Михаил Шайдоров бірнеше ай бойы жалақы алмаған жағдайға қатысты пікір білдіріп, жауаптыларды жазалау қажет екенін айтқан.
Оның сөзінше, спорттағы жетістік ең алдымен мемлекеттің имиджі.
«Шын мәнінде, кез келген спорттық жетістік - бұл ең алдымен мемлекеттің имиджі. Спорттың қалай қолдау табатынына, спортшыларымыздың қалай өнер көрсететініне қарап, елдің қаншалық дамығанын және халықаралық имиджіне қаншалық мән беретінін көруге болады. Әсіресе бұл Олимпиада ойындарына қатысты мәселе. Спортшыларды даярлауға қанша қаржы бөлінетіні туралы көп материал шықты. Менің ойымша, бұл салада нақты тәртіп орнату керек», - деді Рахимжанов.
Депутат спортшылар мен Олимпиада резервін даярлауға бөлінетін қаражат ашық әрі есепті болуы тиіс екенін айтты.
«Егер спортшы жалақысынан айырылғанын немесе қысқартылғанын айтса, ол мұны жайдан-жай айтпайды. Өйткені спортшылар ар-намысты адамдар. Дәлелсіз нәрсе айтпайды. Сондықтан бұл мәселені мұқият тексеру қажет. Ал кінәлілер міндетті түрде жазалануы тиіс. Спортшыларды даярлау мен спорт клубтарын қаржыландыру саласында жемқорлық бар екені ешкімге құпия емес. Сондықтан бұл мәселе ел басшылығының ерекше бақылауында болуы керек», - деді Рахимжанов.