ЕАЭО аясындағы кей шешімдер Қазақстан мүддесіне қайшы: Сәтбаев негізгі түйткілдерді атады

ЕАЭО аясындағы кей шешімдер Қазақстан мүддесіне қайшы: Сәтбаев негізгі түйткілдерді атады
фото: livingasia.online

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан кейінгі уақытта одақ аясында бірқатар қолайсыз жағдайларға тап болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшы Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға соңғы екі жылдағы екінші мемлекеттік сапарының астарында тек экономикалық емес, геосаяси факторлар да жатқанын айтты.

“Орталық Азия Ресей–Қытай–Иран геосаяси үштағанында стратегиялық маңызға ие болып отыр. Ресей кейінгі жылдары бірқатар одақтастарынан айырылды. Сондықтан Орталық Азияның маңызы арта түсті”, – дейді Досым Сәтбаев.

Оның пікірінше, ЕАЭО аясында экономикалық ынтымақтастық туралы көп айтылғанымен, Қазақстан биыл бірнеше жағымсыз жағдаймен бетпе-бет келген.

Мәселен, саясаттанушы Ресейдің 1 мамырдан бастап қазақстандық мұнайдың “Дружба” құбыры арқылы Германияға транзитін тоқтатқанын мысалға келтірді.

“Бұл шешім қабылданғанда Қазақстанның экономикалық мүддесі ескерілген жоқ”, – дейді ол.

Сондай-ақ Сәтбаев Ресейдің ЕАЭО елдерінен келетін тауарларға бақылауды күшейту мақсатында жеткізілімді алдын ала растау жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанына назар аударды.

“Іс жүзінде бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін жүк жеткізу тетігін күрделендіріп, шекарадағы кідірістер қаупін арттырады. Ал біз әлі күнге дейін ЕАЭО аясындағы бірыңғай экономикалық кеңістік туралы айтып келеміз”, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресей кейінгі жылдары үшінші елдерден келетін тауарлардың транзитіне қатысты түрлі шектеулер мен қосымша тексерулерді жиі енгізіп келеді. Бұл өз кезегінде қазақстандық логистика және сауда компанияларының жұмысына әсер етіп жатыр. 

“Кей жағдайда қазақстандық өндірушілер Ресей нарығына шығу үшін өз өнімдерін қосымша сертификаттауға мәжбүр болады”, – деді ол.

Сарапшы Ресей тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты фитосанитарлық және ветеринарлық шектеулердің де тұрақты түрде енгізілетінін атап өтті.

Досым Сәтбаев Орталық Азия елдерінің ЕАЭО-ға сақтықпен қарауының да себебі бар екенін айтты.

“Өзбекстан бастапқыдан-ақ ЕАЭО-ны барлық қатысушының мүддесін ескеретін экономикалық бірлестіктен гөрі, Ресейдің рөлі басым геосаяси жоба ретінде қабылдады. Сондықтан толық мүшелікке өтпей, бақылаушы мәртебесінде қалды”, – дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол Арменияның ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дағы белсенділігін төмендетуі де осыған ұқсас үрдіс екенін атап өтті.

“Армения қазір белгілі бір дәрежеде Өзбекстан жүріп өткен жолмен келе жатыр. Себептері әртүрлі болғанымен, нәтиже ұқсас болуы мүмкін”, – деді Сәтбаев.

Сарапшының пікірінше, Ресей үшін ЕАЭО-ның беделі мен тартымдылығын сақтау маңызды. Сондықтан ұйым аясындағы қазіргі үдерістер мен мүше мемлекеттердің ұстанымы алдағы уақытта ерекше мәнге ие болады.