Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші "Орталық Азия - Корея Республикасы" саммитіне қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды бір басымдық деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр.
Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түскен.
"Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Кейінгі алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да осы координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады", – деді Мемлекет басшысы.