2025 жылы Михаил Шайдоровтың дайындығына бюджеттен 263,4 млн теңге бөлінген

Қаракөз Амантай 20 ақп. 2026 17:04

2025 жылы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты даярлауға бюджеттен 263,4 млн теңге жұмсалған. Бұл қаржыға жаттығу процесі, халықаралық жарыстарға қатысу, бапкерлер мен мамандардың еңбекақысы, сондай-ақ спортшының жалақысы кірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға бағытталған. Бір жыл ішінде спортшы 19 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Оның сегізі Қазақстанда, 11-і шетелде өткен. Бұл мақсатқа 47 млн теңге жұмсалған. Ал бес халықаралық турнирге қатысу шығындары 16 млн теңгені құраған.

Спортшының жылдық жалақысы 33 989 000 теңге болған. Сонымен қатар мемлекет оның жаттықтырушылар штабының жұмысын да қаржыландырған. Жеке бапкері Алексей Урманов 26 млн теңгеден астам, ал хореограф Иван Регини шамамен 23 млн теңге алған.

Қосымша шығындарға жарыс бағдарламаларын қою, костюмдер тігу және музыкалық сүйемелдеуге авторлық құқық сатып алу кірген. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы табысты өнері үшін спортшыға 6,7 млн теңге көлемінде біржолғы сыйақы төленген, ал жаттықтырушылар штабы 1,5 млн теңге алған.

Бұған дейін туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәнерлеп сырғанаушы ай сайын шамамен 1,5 млн теңге көлемінде келісімшарттық төлем алатынын хабарлаған. Ведомство спортшы бапкерлерінің еңбекақысын мемлекет толық өтейтінін де атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove