Ұлытау облысында «Біртұтас ел – біртұтас жер» әскери-патриоттық акциясы аясында 3 мыңнан астам адам қамтылды, деп хабарлайды Dala News.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы мектеп оқушылары мен әскерге шақыру жасындағы студенттермен кездесіп, бірқатар тақырыптық іс-шаралар өткізді.
Кездесулер барысында конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы және жалпыхалықтық ерік білдірудің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасын іске асыру, «Жас сарбаз» сыныптарын ашу мәселелері талқыланды.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында офицерлер оқу орындарында ерлік сабақтарын өткізіп, әскери оқу орындарына түсу тәртібі, әскерге шақыру шарттары және әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпарат берді. Полковник Дәулет Бейсеков жастардың әскери қызметке қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.
Іс-шара аясында алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары марапатталды. Сондай-ақ мерзімді қызмет өткеріп жүрген сарбаздың бейнеүндеуі көрсетіліп, патриоттық концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
