Алматының іргесіндегі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 30 жыл толды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
1996 жылы 164 450 гектар аумақпен құрылған парк бүгінде 200 160 гектарға дейін кеңейіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақ 35 710 гектарға ұлғайды. Бұл – табиғи экожүйені сақтау мен биоалуантүрлілікті қорғауға бағытталған жүйелі мемлекеттік жұмыстың нәтижесі.
Үш онжылдық ішінде ұлттық парк аумағында 1637 гектар жерге 5 010 000 ағаш көшеті отырғызылды. Орманды қалпына келтіру жұмыстары 7 питомниктің тұрақты қызметімен қамтамасыз етіліп отыр. Орман қоры өрт қауіптілігінің 3 класына жататындықтан, парк аумағында 4 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді, 41 жауынгер кезекшілік атқарады. Мыңдаған шақырым өртке қарсы жолдар жөнделіп, алдын алу шаралары күшейтілген.
30 жыл ішінде парк тек табиғатты қорғаумен шектелмей, туризмнің де драйверіне айналды. 1996 жылы небәрі 27,4 мың адам келсе, 2025 жылы келушілер саны 945,9 мыңға жетті. Туристік маршруттар саны 8-ден 46-ға дейін өсті. Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамалары, Есік көлі, Бутаковка шатқалы сияқты бағыттар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. Биыл тағы бірнеше жаңа соқпақ пен визит-орталық іске қосылып, алдағы үш жылда 30 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр.
Ғылым мен жануарлар дүниесін қорғау бағытында да нақты нәтижелер бар. 1996 жылы 5–10 дарақ қана тіркелген ілбіс саны бүгінде 39-ға жетті. Қоңыр аю 85-ке, тас сусары 493-ке, бүркіт 97 дараққа дейін көбейген. Парк аумағында 2 генетикалық резерват құрылып, Сиверс алмасының клон мұрағаты сақталуда. 2024 жылы ұлттық парктер арасында алғаш рет in-vitro зертханасы ашылып, сирек өсімдіктерді жасанды ортада көбейту басталды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да басты басымдыққа айналған. 1996–2025 жылдары 3211 экологиялық іс-шара өткізіліп, 2 млн-нан астам ерікті мен экобелсенді қамтылған. Сонымен қатар инвестициялық жобалар саны 1-ден 94-ке дейін өсті. Қазір парк аумағында 3 шаңғы курорты, 5 визит-орталық және бірнеше заманауи демалыс нысандары жұмыс істейді.
Іле Алатауы – 30 жылда жай ғана қорғалатын аумақ емес, табиғи мұраны сақтаудың, туризмді дамытудың және ғылыми ізденістерді жүйелеудің ұлттық моделіне айналды.
