Алматыда ірі бопсалау ісі бойынша үкім шықты

Самал Асқар 20 ақп. 2026 16:56

Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сотта төрт тұрғын ірі көлемде бопсалау жасағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dala News.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралған іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 20–22 қаңтар аралығында айыпталушылар алдын ала сөз байласып әрекет еткен. Олар жәбірленушіні оның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтерді таратамыз деп қорқытып, 20 млн және 23 млн теңге көлеміндегі қарызды өндіріп алудан бас тартуды талап еткен. Сонымен қатар 18 млн теңге қолма-қол ақша беруді сұраған.

Тергеу нұсқасында бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланған. Аталған бап 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасын қарастырады.

Прокурор соттан әрқайсысына 10 жыл жаза тағайындауды сұраған. Айыпталушылар кінәларын мойындамай, ақтауды талап етті. Жәбірленушілер нақты мерзім беруді сұрады.

Алқабилердің вердиктімен Д., К., Р. және А. кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға сотталды. Сот жаза белгілеу кезінде олардың кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Сонымен қатар айыпталушылардың біріне полиция қызметкерінен 40 мың теңге бопсалады деген айып тағылған еді. Бұл эпизод бойынша сот оны ақтады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove