Жуырда "Нұр-Мұқасан" тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен топтың бұрынғы әншісі, танымал жұлдыз Мұқасан Шахзадаевтан оңбай таяқ жегенін айтқан еді. Ғалымжан Сүлеймен Мұқасан Шахзадаевты кешірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әншіге Алматыда ота жасалған. Бұл туралы белсенді Жан Ахмадиев жариялады.
"Жағдайым жақсы болып қалды. Мұрынға ота жасалды. Үш күн басында күттім, одан кейін де күттім (Мұқасанды - еск.). Қазір жоқ (кешірмеймін - еск.). Өкінішке қарай, өзі хабарласқан жоқ. Сол кісінің атынан келушілер көбейіп кетті. Бірақ әлі өзі бір ауыз шықпады. Тәкаппарлықтың шегі деп ойлаймын", - деді әнші.

Мән-жайы
Бұған дейін істің мән-жайын жазған едік. Ғалымжан Сүлейменнің айтуынша, даудың бәрі әннен шыққан. Мәселені шешу үшін ол Шахзадаевтың үйіне барған. Алайда соққыға жығылған. "Полиция Мұқасанды емес, мені алып кетті" дейді. Енді "Нұр-Мұқасан" тобының мүшесі заңгерлердің көмегіне жүгініп, "жуан жұдырықты" әншіні жауапқа тартқысы келеді.
Кейінірек әнші Мұқасан Шахзадаев ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Мәліметке сүйенсек, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі - "Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша қозғалған. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
