Үкімет Қостанай облысындағы жылу жүйелерін реконструкциялауға және су желілерін жаңғыртуға 2,2 млрд теңге қаражат бөлді. Бұл Қостанай, Жітіқара, Арқалық және Рудный қалалары арасында үлестірілмек, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанайда 188 млн теңге 1955 жылдан бері жұмыс істеп тұрған жылу электр орталығының негізгі бу құбырын жаңартуға бағытталады.
Жітіқарада жылу желілерінің үш учаскесін жөндеуге шамамен 863 млн теңге бөлінеді. Бұл учаскелер 15,5 мың абонентті жылумен қамтамасыз етеді.
Арқалық қаласына желілерді реконструкциялауды жалғастыру үшін 645 млн теңге беріледі. 2025 жылы 1,6 шақырым тозығы жеткен құбырлар толық ауыстырылады.
Рудныйда 500 млн теңге су желілерін жаңғыртуға, соның ішінде №2 сүзгілеу станциясын модернизациялауға жұмсалады. Жоба Рудный, Қашар, Горняцкий кенттерінің және өнеркәсіптік нысандардың тұрақты су қамтамасыз етілуін күшейтеді.
