Қазақстанда азық-түлік бағасының қымбаттауы 13,5%-ға дейін үдей түсті

Көркем Алдабергенова 28 қар. 2025 14:32

Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық есепте 13,5%-ға дейін жеделдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеп. 

Жылдық инфляция

«Қазанда жылдық инфляция 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік өнімдерінің бағасы 13,5%-ға (қыркүйекте – 12,7%) өсті, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға (10,8%) дейін қымбаттады. Қызметтердегі баға өсімі реттелетін коммуналдық тарифтердің әкімшілік төмендеуіне байланысты 12,9%-ға (15,3%-дан) дейін баяулады. Жалпы алғанда, инфляцияның жоғары қарқыны ұсыныстан тұрақты түрде асып түсетін сұраныс аясында қалыптасып отыр», – делінген Ұлттық банк таратқан ақпаратта.

Тарифтерді қайта қарау және жанар-жағармай нарығын ырықтандыру бағаға және инфляциялық күтулерге қосымша ықпал етіп жатыр.

«Кейбір тауар нарықтарындағы теңгерімсіздік, тұрақты сұраныс, импорттың қымбаттауы мен шығындардың өсуі азық-түлік инфляциясының негізгі драйверіне айналды. Қызметтер инфляциясының үлесі төмендегенімен, баға өсімінің қарқыны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнімдердің қымбаттауы айқын сезіледі», – делінген хабарламада.

Айлық инфляция

Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін едәуір баяулағанымен, базалық инфляция 1% деңгейінде қалып, жоғары болып отыр. Бұл көрсеткіш жылдық есепте 12,2%-ға сәйкес келеді. Сонымен бірге тұтыну себетінің 80%-ын құрайтын тауарлар мен қызметтер 5% нысаналы дәлізден жоғары қарқынмен қымбаттап жатыр. Бұл баға қысымының тұрақтылығы мен кең көлемде байқалатынын көрсетеді. Мұндай үрдіске фискалдық және квазифискалдық ынталандырудың күшеюі, сондай-ақ тұтынушылық сұраныстың артуы әсер етіп отыр.

Инфляциялық болжамдар

«Халықтың инфляцияға қатысты күтулері қазанда 13,6%-ға дейін өсті (қыркүйекте – 13,2%). Қысқа мерзімді күтулер құбылмалы болып қалып, белгісіздік деңгейін арттырады. Ұзақ мерзімді күтулер 14,3%-ға дейін жоғарылады (бұған дейін – 14%). Мұндай жоғары күтулер дезинфляцияның баяулауына және бағаның шығын мен сұраныс өзгерісіне тәуелділігінің артуына әкеледі», – деп түсіндірді реттеуші орган.

Сыртқы факторлар

Сыртқы инфляциялық қысым да әлсіремей тұр.

«Әлемдік азық-түлік бағасы жоғары деңгейде сақталуда. Ресейде инфляция баяулағанымен, 4% нысанадан айтарлықтай жоғары. Осыған байланысты ресейлік реттеуші қатаң ақша-кредит саясатын сақтап отыр. АҚШ-та да ФРЖ өсім қарқынының баяулауын, еңбек нарығының әлсіреуін және инфляцияның жоғары болып отырғанын атап өтіп, сақтық ұстанымын жалғастыруда.

Еуропалық орталық банктің де риторикасы өзгерген жоқ, мөлшерлеме қайта көтерілген жоқ, ал болашақта саясаты жеңілдеу қарқынмен жұмсаруы мүмкін. Жаңартылған болжамға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бағасы алдағы кезеңде барреліне орта есеппен 60 доллар деңгейінде сақталады», – деді Ұлттық банк.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар