Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды

Көркем Алдабергенова 28 қар. 2025 12:04

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығын ырықтандыру әсерінің бағалар мен инфляциялық күтулерге таралуы қосымша әсер етіп отыр.

Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады.

Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5% таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды. Осының бәрі баға қысымының орнықтылығы мен кең қамтуын көрсетеді. Бұл проинфляциялық динамика фискалдық және үдемелі квазифискалдық ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді.

Халықтың инфляциялық күтулері қазанда қыркүйектегі 13,2%-ға қарағанда 13,6%-ға дейін өсті. Қысқамерзімді күтулер құбылмалы күйінде сақталып, онымен жоғары белгісіздік қатар жүреді. Ұзақмерзімді күтулер 14,3%-ға дейін артты (бұған дейін – 14%). Жоғары инфляциялық күтулер дезинфляция қарқынын шектеп, бағалардың шығын мен сұраныстың өзгеруіне тәуелділігін күшейтеді.

Сыртқы инфляциялық әсер сақталуда. Азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде. Ресейде инфляция бәсеңдегеніне қарамастан, 4%-дық нысанадан едәуір асып түсті. Осыған байланысты реттеуші қатаң риториканы сақтап, тежеуші ақша-кредит шарттарын ұстап тұру қажет деп мәлімдейді. Өз кезегінде, ФРЖ жоғары белгісіздік жағдайында экономикадағы өсімнің бірқалыпты қарқынын, еңбек нарығының төмендегенін және нысанадан жоғары болып тұрған инфляцияның өсе түскенін атап, сақтық тәсілін сақтап отыр. ЕОБ риторикасы да ұстамды күйінде. Реттеуші мөлшерлемені тағы да сақтап қалды. Алдағы уақытта саясатты жеңілдету қарқыны неғұрлым баяу болады деген болжам бар.

Негізгі шешім қабылдау кезіндегі болжамдарды жаңарту аясында базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орта есеппен 1 баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейінде сақталды.

Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі. Болжамды түзету биылғы инфляцияның іс жүзіндегі мәні болжамды мәндерден едәуір асып кетуіне және инфляциялық күтулердің жоғары динамикасына негізделеді. Сонымен қатар, 2026-2027 жылдары «инфляция + 5%» схемасы бойынша реформа қарқынын қайта қарау аясында реттелетін бағалардың неғұрлым болжамды өсетіні ескеріледі.

2026 жылы болжамдар аралығының кеңеюі салық реформасын іске асыруға және жиынтық сұраныс реакциясына, квазибюджеттік сектор жағынан қаржыландырудың едәуір өсуіне және оның экономикаға ынталандырушы әсеріне байланысты бағалаудағы артып келе жатқан белгісіздікті көрсетеді.

Болжам тәуекелдері ішкі сұраныс пен ұсыныс мүмкіндіктері арасындағы теңгерімсіздіктің күшеюімен, сыртқы инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуімен, сондай-ақ реттелетін бағалардың, ЖЖМ мен ҚҚС артуынан болатын қайталама әсермен байланысты. Негізгі белгісіздік факторларының бірі – экономиканы қаржыландыруды «Бәйтерек» ҰБХ АҚ» арқылы ұлғайту ықпалы. Үкіметтің мәліметі бойынша, оның көлемі 2026 жылы 8 трлн теңгеге, яғни ЖІӨ-нің 4,4%-на жетуі мүмкін. Мұндай қысым инфляциялық қысымды күшейтіп, алдағы фискалдық шоғырландыру әсерін ішінара реттеуі мүмкін.

2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы 6,0-6,5%-ға дейін жақсарды. Бұл мұнай өндірудегі озыңқы қарқынның әсерін, сондай-ақ жылдың соңғы айларында инвестициялық және тұтынушылық сұраныстың, оның ішінде алдағы 2026 жылғы ҚҚС реформасына байланысты жеделдеуін көрсетеді. 2025 жылғы жоғары базаның салдарынан және салық-бюджет реформасы мен бюджеттік шоғырландырудың ішкі сұранысқа тежеуші әсерін ескере отырып, 2026 жылға арналған болжам 3,5-4,5%-ға дейін төмендетілді. 2027 жылы экономиканың өсуі 4,0-5,0% ауқымында болады деп күтіледі. Бұл өсу инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, бірқалыпты тұтынушылық сұраныс және мұнай өндірудің ұлғаюы есебінен болады.

Нақты кірістің төмендеуіне және импорттың артуына байланысты орнықты ішкі сұраныс бюджет-салық және ақша-кредит саясатын үйлестірудің маңыздылығын арттырады. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық Банк пен Агенттік 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыруда. Бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерiмсiздiктi жоюға, бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн арттыруға, микро- және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, азаматтардың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру есебінен орнықты экономикалық өсу үшін жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі ақша-кредит шарттарының бірқалыпты қатаң сипатын, Бағдарламаның күтілетін үлесін және тұтынушылық кредиттеуге сұранысты төмендету шараларын ескере отырып, Комитеттің шешімі орнықты дезинфекциялық траекторияны қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық Банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс реакциясын, сондай-ақ Бағдарламада және Инфляцияны бақылау, төмендету бойынша шаралар кешенінде көзделген бірлескен шараларды іске асыру тиімділігін бағалауды жалғастыра береді.

Қазіргі уақытта Ұлттық Банк жоғары инфляциялық күтулерді, орнықты базалық инфляцияны және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін назарға ала отырып, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды деп санайды. Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін.

Қабылданған шешімнің факторлары мен болжамдары туралы барынша толық ақпарат 2025 жылғы 3 желтоқсанда Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында[1] орналастырылатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада берілетін болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар