Үш бірдей мобильді байланыс операторы бағаны көтермекші. Тарифтердің өзгеруі биылғы 25 желтоқсаннан бастап жүзеге асады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Altel, Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторлары интернет пен байланыс қызметтерінің бағасы қымбаттайтынын хабарлады.
Tele2 мен Altel-де абоненттік төлем мен тарифтердегі қызмет көлемі 25 желтоқсаннан бастап өзгереді. Компаниялар мұны жаңа Салық кодексінің енгізілуімен байланыстырып отыр.
"Компания тарифтік жоспарлардың бағаларын қайта қарайды. Бұл – мәжбүрлі қадам. Шешім желілерді дамыту және жаңғырту шығындарының артуына, оларды техникалық қызмет көрсетудің қымбаттауына, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты қабылданды. Абоненттік төлемнің өзгеруі сервистердің тұрақтылығын сақтап, одан да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Тарифтердің қалай өзгеретіні туралы нақты ақпарат абоненттерге SMS арқылы жіберіледі.
Beeline де 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді және кеңселік интернет қызметтерінің бағасы өзгеретінін мәлімдеді. Құнның өсуі жөніндегі толық ақпарат компания сайтында жарияланатын болады.
Сонымен қатар, тарифтік жоспарлардың өзі де қымбаттайды. Бірақ әзірге мобильді оператор нақты деректерді ұсынған жоқ.
"ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі байланыс, интернет және қосымша сервистердің құнына әсер етеді. Осыған байланысты тариф жоспарлары бойынша абоненттік төлем қайта есептеледі. Біз пайдаланушыларды жаңартылған бағалар туралы өзгерістер күшіне енгенге дейін кемінде 30 күн бұрын алдын ала хабарлаймыз", - деп мәлімдеді компания.
