Оралдағы дүкен сөрелерінен қарапайым ас тұзын табу қиындап кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі “Мой город” телеграм арнасына сілтеме жасап.
“Оралдағы дүкендерде, ірі супермаркеттер мен базарларда кейінгі күндері қарапайым ас тұзын табу мүмкін болмай қалды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар бірнеше сауда нүктесін араласа да, тұз жоқ екенін жазып жатыр”, – делінген хабарламада.
Жергілікті жұртшылық жағдайға алаңдап отыр.
“Үйдің маңындағы үш дүкенді араладым, еш жерде тұз жоқ. Сатушылардың айтуынша, соңғы екі күнде тұз таусылып қалған. 2020 жыл қайта келгендей күйдемін”, – дейді қала тұрғыны Айнұр.
Осыған ұқсас жағдайды Руслан есімді тұрғын да баяндады.
“Арнайы тұз алу үшін “Дина” супермаркетіне бардым, бірақ сөре бос. Кейін орталық базарға бардым, онда да жоқ. “Пешеходқа” соқтым, тағы таппадым. Етті немен тұздаймыз? Жаңа ғана соғым әкелген едім”, – дейді ол.
БАҚ мәліметінше, тұз ірі супермаркеттерде ғана емес, шағын дүкендерде де таусылған. Базардағы сатушылар да тұздың неге жоғалғанын түсіндіре алмай отыр.
“Кейбір саудагерлер қалжыңдап, оралдықтар жаппай соғым дайындап, қырыққабат тұздап жатыр дейді. Ал жеткізушілердің айтуынша, Батыс Қазақстан облысына тұз жеткізу бір ай бұрын тоқтаған. Негізгі себеп – Қазақстан темір жолындағы вагон тапшылығы. Қазан айының соңында күшіне енген жаңа тасымал ережелері тек отандық теміржол вагондарын қолдануды міндеттейді. Соның кесірінен Ресейдің арзан әрі тез жеткізілетін “Соль-Илецкая” тұзын өңірге жеткізу мүмкін болмай жатыр. Ал отандық өндірушілер өңірдің сұранысын толық қамти алмайды”, – делінген ақпаратта.
Сонымен бірге тұрғындар жағдайдың жақын күндері қалыпқа келіп, тұз қалыпты бағамен қайта сөрелерге шығарына үмітті.
