31 желтоқсанда демалыссыз қалған қазақстандықтар наразы

Cағыныш Сардарова 28 қар. 2025 12:11

Көрші елдер жыл соңында демалып жатқанда, тек Қазақстанда 31 желтоқсан әлі де жұмыс күні болып тұр. Қоғам белсенділері мен кей депутаттар жылдар бойы бұл күнді ресми демалыс етуге шақырса да, Үкімет ұсынысты құптамады, деп хабарлайды Dalanews.kz inbusiness.kz-ке сілтеп.

Бұл талапқа бірнеше себеп бар:

  • посткеңестік елдердің көбінде 31 желтоқсан толық немесе жартылай демалыс;
  • бұл күні көп адам жұмыста шала-пұла отырады, мерекеге дайындалу үшін ерте сұранады;
  • жоғары лауазымды тұлғалар да жыл соңында іссапарсыз, жиынсыз, көбіне демалыста жүреді.

Еңбек министрлігі бекіткен 2025 жылғы күнтізбеде 31 желтоқсан - жұмыс күні. Ол сәрсенбіге түседі. Қазақстандықтар тек 1-4 қаңтар аралығында демалады. Оның ішінде 3-4 қаңтар - әдеттегі демалыс күндері. Яғни қосылғаны - тек екі күн.

5-6 қаңтар - жұмыс күні, 7 қаңтар - Рождествоға арналған демалыс.

Көрші елдерде жағдай өзгеше:

  • Әзербайжан: 31 желтоқсан - демалыс күні. Жаңа жылмен бірге ұзақ каникул беріледі.
  • Беларусь: Жұмыс күндерін ауыстыру арқылы 31 желтоқсанды демалыс етуге мүмкіндік бар. Елде бірнеше күн ұзақ демалыс қарастырылған.
  • Ресей: Ең ұзақ каникул - 12 күн. 31 желтоқсан ресми демалысқа көшірілген.
  • Қырғызстан: Көп жұмыс беруші 31 желтоқсанды демалыс қылады. 1-7 қаңтар аралығы - толық мереке.

Ал Қазақстанда желтоқсанда бар болғаны 9 күн демалыс бар, оның тек біреуі - ресми мереке.

Сондықтан көпшілік жаңа жылға дайындалуға уақыт жетпейтінін айтып, 31 желтоқсанды ресми демалыс ету туралы мәселені тағы да көтеріп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар