Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданы Көкпекті ауылында жаңадан салынған сапасыз үйлерге қатысты дау күшейе түсті. Резонанстан кейін мердігер компания қызметкерлері бірқатар тұрғынға хабарласып, “үйіміздің жағдайы жақсы” деген видеожазба түсіруді талап ете бастаған. Бұл туралы белгілі журналист Иван Стрижаков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистің айтуынша, желіде тараған ақпараттан кейін жергілікті билік пен мердігерлер тұрғындарға қысым көрсетуді бастаған.
“Күні кеше әлеуметтік осал отбасыларға арналған, құны 50 млн теңгеге бағаланған үйлер туралы видео жарияладым. Сол күні-ақ реакция басталған. Алдымен мердігер шағымданған тұрғынға хабарласып, “не үшін сөзге келіп жатырмыз?” деп айтқан. Артынша ауданнан комиссия келіп, “тағы да видео жібер” деп талап қойған”,- дейді ол.
Оның айтуынша, мердігер өкілдері көрші үйлерді аралап, шағым жоқ екенін дәлелдейтін жаңа видеолар түсіртуді талап еткен.
“Көршілерге барып, “сіздерде проблема жоқ қой, соны видеоға түсіріңіздер” деп талап еткен. Бұл не сұмдық?”, - деп ашуланды ол.
Сонымен қатар ол жағдайды жылы жауып қоюға тырысқандарды қатаң сынға алды.
“Сіздер мәселені шешкілеріңіз келе ме, әлде өз орындарыңызды сақтап қалғыларыңыз келе ме?", - деп сауал қойды ол.
Әкімге үндеу
Журналист Бұқар-Жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынға арнайы үндеу жолдап, оның кейбір қызметкерлері жағдайды бұрмалап отырғанын айтты.
“Ерлан Бесімәліұлы, сізді құрметтеймін. Бірақ сізді осылай ұятқа қалдыруды көздеп отырғандар бар секілді. Ең маңызды сұрақ — бұл үйлерді жеке тұлғадан не үшін және қандай бағамен сатып алдыңыздар? Бағалау болды ма? Техникалық сараптама жасалды ма?”, — деді ол.
Стрижаков әлеуметтік үй алу бағдарламасына қатысатын отбасылар 10% бастапқы жарна төлеуі тиіс екенін еске салды.
“Үйдің құны 24,8 млн теңге деп көрсетілген. Демек отбасы 2,4 млн теңге төлеуі тиіс. Бұл — нақты бағаны жасыру емес пе? Ал сол ақшаға лайық сапа бар ма?” — деді.
Журналист билік пен мердігерлерді тұрғындарға қысым көрсетуді тоқтатып, нақты проблемаларды шешуге шақырды.
“Адамдарға тиісуді қойыңыздар. Үйде не дұрыс емес, соны жөндеңіздер. Проблеманы шешудің орнына видео жинаумен айналысу — масқара жағдай”, — деді ол.
Бұған дейін
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі журналист Иван Стрижаков Қарағанды облысы Бұхар-Жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа үйлердің сапасына қатысты мәселені көтерген болатын.
Журналисттің айтуынша, құны шамамен 50 млн теңге болатын баспаналардың жағдайы сын көтермейді: үйлердің іші ылғал, қабырғалары сыз тартып, терезелерінен су кетеді, бөлмелерді зең басқан. Балалары жиі ауырып жатқан тұрғындар Стрижаковтан көмек сұраған.
Оның сөзінше, бұл үйлер тегін берілмейді. Тұрғындар ай сайын жалға алуға төлейді, ал кейін сатып алу үшін 10% алғашқы жарна енгізуі тиіс. Соған қарамастан, баспаналардың сапасы талапқа сай емес.
Стрижаков кепілдік мерзімі өтпей тұрып техникалық сараптама тағайындауды және ТКШ бөлімінің жауапкершілігін тексеруді талап еткен.
Тұрғындар да үй тапсырылған күннен бастап ақаулар тоқтамағанын айтып шағымданған:
- есіктің асты ашық, суық жел соғады;
- терезелер терлейді, бұрыштарды зең басқан;
- қабырғалар жарылып жатыр;
- су құбырлары дұрыс бекітілмеген, жуынатын бөлмеде су атқылаған;
- желдеткіштен су тамшылайды.
Олар ТКШ бөліміне бірнеше рет жүгінгенімен, нақты жұмыстар атқарылмағанын айтқан еді.
“Біздің жалғыз талабымыз – уәде етілген жұмысты орындау. Артық нәрсе сұрамаймыз”, - деген болатын тұрғындар.
