Си Цзиньпин сапары? Қазақстанның аймақтағы саяси салмағы артып келеді

Dalanews 15 қыр. 2022 10:55 982

Күні кеше елімізге Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс-сапармен келді. Бұл оның әлемді жайлаған індеттен кейінгі, яғни араға екі жылдан астам уақыт салып жасаған алғашқы сапары. Қытай басшысының алдымен Қазақстанға атбасын бұруы – еліміз үшін үлкен құрмет екені даусыз.

Айта кету керек, биыл ҚХР мен Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына – 30 жыл. Бұған дейін, яғни 25 қаңтардағы видео-саммитте екі жақ мәлімдеме жасап, отыз жылда маңызды стратегиялық әріптестікке қол жеткізгенін мақтанышпен айтқан еді.

Одан кейін осы жылдың ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға арнайы сапармен барып, Си Цзиньпинмен кездескен. Тіпті, маусым айының басында Қытай сыртқы істер министрі Ваң И-дің Қазақстанға келуі де көп жайды аңғартады. Міне, осының бәрі екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, барыс-келісті көбейте түсті деуге негіз бар.

Қазақстанның қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының кеңесшісі Аман Мамбеталиевтің айтуынша, біріншіден, бұл өте маңызды сапар болды.

– Мұны, тіпті, ресми кездесу деуге келмес. Соңғы үш жыл ішінде ҚХР төрағасы елінен сыртқа шыққан жоқ. Келесі айда, яғни қазанның 26-сында Қытайдың коммунистік партиясының жиыны өтеді. Мұнда алдағы жылдарға бағытталған жоспары айтылмақшы. Сондықтан бұған дейін Қытай басшылығы мұндай сьездің алдында ешқашан сыртқа шықпаған, – деді Мамбеталиев.


Бір қызығы, ҚХР төрағасы Қазақстанға келмес бұрын бұл сапардың мән-жайы жайында жергілікті ақпарат құралдарына мақала жариялапты. Тағы бір астын сызып айтатын жайт – ол бұған дейін мұндай мақаланы екі-үш қана мемлекетке жасаған сапарының алдында жазған екен. Соның бірі – Қазақстан.

Мақалада Қытайдың сыртқы саясаты туралы ашып жазып, Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас ұстанатынын алға тартқан. «Осы кезге дейін кейбір мемлекеттермен арада түсінспеушілік, экономикалық кілтипан болды. Бірақ отыз жылда Қазақстанмен ғана ешқандай бірде-бір келіспеушілік туындамады» дегенге екпін түсірген. Мұның өзі екі елдің саясаткерлері, дипломаттары үшін еркін жұмыс істеуге берілген мүмкіндік.

Қазақстан мен Қытайдың арасындағы екіжақты қарым-қатынастың нығая түскенін мынадан көруге болады. Мәселен, Қытай мемлекеті Оңтүстік Кореяға, Тәжікстанға, Вьетнамға, Жапонияға, тағы басқа мемлекеттердегі келіссөздерге Қорғаныс министрін жібереді. Ал бізге дипломат-Сыртқы істер министрі келеді.

Сондықтан ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған сапары кезінде «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз» деуінде де үлкен мән бар.

 

 

Бұл – тек саясат қана емес, бұл – үлкен ойын


Аман Мамбеталиев, Қазақстанның қоғамдық даму институтын Басқарма төрағасының кеңесшісі:

– ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шетелге сапарын Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерден бастауы, әуелі Қазақстанға келуі бекер емес. Одан кейін Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының саммитіне барды. Бұл екі аймақтың саяси салмағының көтеріліп отырғанын көрсетеді.

Яғни, Орталық Азия аймағы болашақта транспорттық-коммуникациялық хаб болатынын айғақтайды. Бұл тек саясат қана емес, бұл – үлкен ойын. Бұл – экономика, мәдениет, коммуникация, логистика.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бес-алты жыл бұрын АҚШ президентімен кездесіп, экономикалық жағынан тіл табыса алмай қалды. Екі елдің арасында экономикалық соғыс болды. Әлі күнге санкция күшінде. Қытайдың тауары мен қызмет көрсету саласы мұхит арқылы тасымалдануы қиын жағдайға тап болды.


Сол үшін Си Цзиньпиннің өзі елордаға келіп, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын қабылдағанын жөнінде айтқан еді. Яғни, тауарын Қазақстан арқылы жер үсті жолымен тасымалдауды ұсынды.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі ашылды. Бұл біз үшін де маңызды. Логистика жағынан да дамып келеміз. Экономиканы диверсификациялауды жүзеге асырамыз дегелі қанша жыл өтті. Сондықтан тауарды жеткізу, тасымалдау барысында да инвестиция құйылып жатыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар