Дүниенің діңгені – дін

Dalanews 15 қыр. 2022 11:25 1082

Қазір бүкіл әлем алмағайып уақытты басынан кешіп отыр. Геосаяси жағдай ушығып тұр. Мәселен, Ресей мен Украина қақтығысы жарты әлемнің ұйқысын бұзды. Өткен жылы Әзербайжан мен Армения арасында Қарабақ үшін қақтығыс болып, қос тарап әлі бір келісімге келе алған жоқ. Мұндай қақтығыстардың салқыны Қазақстанға да тимеуі мүмкін емес. Ресей – тарихи көршіміз. Көршімізге салынған санкция, басқа да шектеулердің зардабы біздің елді айналып өтеді десек қателік болар.

Дегенмен, осындай от пен судың ортасынан жол табу Қазақстанға оңай емес. Алайда Қазақстан майдан қылшық суырғандай, әлемге бейбітшіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, жаһандық қақтығыстардың арасынан адамгершілік пен әділдіктің жып-жылы шуағын шашып отыр. Әңгіме әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі туралы екенін бағамдаған боларсыздар.

Қазақстан биыл діндер съезін 7-ші рет өткізіп отыр. Ең алғашқы съезд 2003 жылы өтті. Одан кейін үш жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, осы уақытқа дейін 2003, 2006, 2009, және 2012, 2015, содан кейін 2018 жылдары ұйымдастырылды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съездері Қазақстан тарихында ғана емес, бұл төрткүл дүниедегі аса ірі халықаралық диалог алаңы.

Бұған дейінгі өткізліген шаралардың да өз жемісі болған. Ал 7-съездің де өзінің арқалаған жүгі, алға қойған мақсат-міндеті бар. Съездің «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» деп аталуының өзіндік мәні осында. Оны Мемлекет басшысы жиынның ашылу салтанатында атап өтті.

֪– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Одан ары Президент қазақ жеріндегі тарихи қоныстардан табылған діни рәсімдерден мысал келтірді. Мұның өзіндік сыры бар. Өйткені дін – сенім. Бүкіл әлемді сенім ұстап отыр. Сенім болмаған жерде тыныштық, адамгершілік, бейбіт өмір болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені арыдан қозғап, тарихтан тартып сөйледі.

Сонымен, діндер съезін өткізу бізге не береді? Діндер съезі ең алдымен әлемді бейбітшілікке үндейді. Қазақстан сол жолда алтын көпір қызметін атқарып отыр. Қазақ ежелден сөзге тоқтаған, бейбітшілікті қалаған, әділдік пен шындықты жақтаған халық. Қазақтың қанында зорлық-зомбылық, империалистік пиғыл жоқ. Қазақстанның осын ұстанымын бүкіл әлемге көрсету. Қазіргі тілмен айтқанда, бейбітшілікті сүю дегеніміз – демократияның бір тармағы. Бұл ұстаным әлемдегі дамыған елдердің бәріне ортақ дүние.

Дүниенің діңгегі – дін екенін бәріміз білеміз. Ал жұмыр жердегі жеті миллиард халық әртүрлі дін ұстанады, сенімдері де әралуан. Алайда соның бәрі бір дүниені ғана қалайды. Ол не? Ол әрине, тыныштық пен бейбітшілік. Қақтығыссыз өмір сүру. Соғыссыз әлем құру. Ол үшін бүкіл әлемнің, барлық дін өкілдерінің басы бір қазанға сыйып, барлық сенім бір арнаға тоғысып, барлық ниет бірдей болуы керек. Қазақстан 2003 жылдан бері осы қарекетте.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Руслан Ахмағанбетовтың айтуынша, әлемнің тілі – дінде. Діни сенім бір арнаға тоғысқан жерде қақтығыс болмайды.

– Қазақстанда қазір 100-ден астам этнос өкілі өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі жұмыс жасап отыр. Олардың қалыпты жұмыс істеуіне ешкім кедергі келтірмейді. Осының өзі Қазақстан бейбітшілікті сүйетін, қазақ тыныштыққа жаны жақын халық екенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақыт өте күрделі. Ірі державалар арасында геосаяси шиеленістер күшейіп тұр. Экономикалық санкция да күшіне мінген, бұл жағында текетірес өршіп барады. Дегенмен, ондай салқындықты, түйткілді күшпен шешуге болмайды. Оны шешетін осындай диалог алаңы. Қазақстан бұл жағынан үнемі әлемнің алдына түсіп отырады. Бұл Қазақстан болашағына үлкен үміт береді, – деді Руслан Ахмағанбетов.




 

https://dalanews.kz/del-qazir/81456-putin-askeri-mobilizaciia-zhariialady

https://dalanews.kz/del-qazir/81320-qazaqstan-qytay-qatynasy-tauar-aynal

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар