Алаяқтар алматылық кәсіпкер Мәжит Өмірханның қоластындағы адамдарды алдап, артынша ақшасын қайтарып берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кәсіпкер Мәжит Өмірхан әлеуметтік желіде ерекше жағдаймен бөлісті. Оның айтуынша, алаяқтар оның атынан фейк парақша ашып, қызметкерлерінен ақша сұраған. Алаяқ кейін сол қаражатты өз еркімен қайтарып берген.
"Менің суретімді пайдаланып, фейк парақша ашқан. Сосын филиалдардағы администраторларға жазып, "менің лимитім бітіп қалды, ақшаны мына жерге аударыңдаршы" депті. Бес филиалдың екеуінде жұмыс істейтін қыздар шынымен 300 мың теңге жіберген, мені көмектесіп жатырмыз деп ойлап", - дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер бұл туралы білген соң дереу жалпы чатқа хабарлама жіберген.
"Бұл мен емес. Ешкім ешкімге ақша аудармаңдар", – деп жаздым", - дейді ол.
Алаяқтың әрекетіне ашуланған қыздар кейін көздеріне жас алып, алаяққа хат жазып жіберген.
"Егер бұл ақшаны сен алған болсаң, ол саған қуаныш емес, емделуге жұмсалсын", – деген сарындағы ауыр сөздер жазыпты.
Бірақ күтпеген жағдай болған: біршама уақыт өткен соң алаяқ барлық 300 мың теңгені қайтарып берген.
"Көрер көзге бірінші рет осындай "жақсы" алаяқ кездестірдім", – деп жазды Мәжит Өмірхан әзілмен.