Қазақстан ИИ жөніндегі халықаралық диалогқа алаң ұсынуға дайын – Тоқаев

Қазақстан ИИ жөніндегі халықаралық диалогқа алаң ұсынуға дайын – Тоқаев
Akorda.kz

Жасанды интеллектіні дамытуда елдер ең алдымен жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын басшылыққа алуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 форумында осы мәселеге ерекше тоқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен жетекші америкалық технологиялық компаниялар арасында суперинтеллект жөніндегі келісімге қол қойылғанын атап өтті.

«Президент Дональд Трамптың бастамасымен жетекші америкалық технологиялық компаниялар жақында суперинтеллект жөніндегі келісімге қол қойғанын атап өткім келеді. Менің ойымша, бұл тәсілді мүдделі елдер жан-жақты талқылағаннан кейін жаһандық деңгейде қабылдауға болатын үлгі ретінде қарастыруға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні басқару мәселесінде ірі технологиялық компаниялар мен мемлекеттер арасындағы осындай келісімдер болашақтағы халықаралық ережелерді қалыптастыруға негіз бола алады. Яғни АҚШ-тағы бұл бастама кейін басқа мемлекеттердің қатысуымен кеңірек халықаралық құжат әзірлеуге үлгі болуы мүмкін.

Қазақстан басшысы еліміздің де жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық трансформация бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Бұған дейін Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған бірқатар бастама қолға алынған. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. 

Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллект экономиканың нақты секторында да кеңінен қолданылуы керек. Оның ішінде еңбек өнімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту және жоғары қосылған құны бар өнім шығару маңызды бағыттардың қатарында. 

Осы тақырыптар AI & Digital Bridge 2026 форумының негізгі күн тәртібіне айналып отыр. Астанада өтіп жатқан шарада жасанды интеллектіні дамыту, оны экономикаға енгізу, кадр даярлау және технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелері талқылануда.