Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында түнгі аңшылық кезінде 13 жастағы жеткіншек көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 17 қазанға қараған түні болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақпарттарға сүйенсек, сол түні аңшылыққа шыққан балалардың бірі байқамай өз сыныптасына оқ атқан.
Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша "Абайсызда адам өліміне себеп болу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Сонымен қатар ата-аналардың балаларына тиісті бақылау жасамауы мен тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілік мәселесі қарастырылып жатыр. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар қаруға еркін қол жеткізіп, түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Қайғылы жағдай қоғамда балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналық жауапкершілік тақырыбын қайтадан күн тәртібіне шығарды.