Бүгін Алматыда “Қазақстанда үнсіз күрес: мемлекет пен букмекерлердің текетіресі” атты баспасөз конференциясы өтті. Іс-шарада қоғам белсенділері, заңгерлер мен психологтар букмекерлік бизнес пен лудоманияның ұлттық қауіпсіздік пен жас ұрпақтың болашағына төндіріп отырған қаупін талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекет пен халықаралық букмекерлік компаниялар арасында жасырын қаржы және ақпараттық күрес жүріп жатыр. Спикерлердің пікірінше, елде енгізіліп жатқан Бірыңғай есеп жүйесі (БЕЖ) құмар ойындар нарығын ашық етуге бағытталған мемлекеттік бастама. Алайда бұл жүйе букмекерлік компаниялардың мүддесіне қайшы келгендіктен, сырттан ұйымдастырылған қарсылық пен манипуляциялар күшейіп келеді.
Қоғам белсендісі Жарқын Күрентаевтың сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 13 букмекерлік компания жұмыс істейді. Былтыр іске қосылған 100% мемлекеттік “БЕЖ” операторының пилоттық жобасы кезінде бір күннің ішінде 800-ге жуық заңсыз ойын мекемесі анықталған.
Сонымен қатар Күрентаев бұл нарықтың көлемі 3 триллион теңгеге дейін жеткенін айтып, қаржының көп бөлігі шетелге кетіп жатқанын атап өтті.
“Мысалы, “Фонбет” компаниясының түпкі иесі — Еуроодақ азаматы Антонис Зерталис. Ал “Париматч” кеңсесі Кипрде тіркелген. Демек елден миллиардтаған қаржы сыртқа кетіп жатыр. Біз бұған бейжай қарай алмаймыз”, - деді ол.
Жарқын Күрентаевтың айтуынша, бұл сырт көзге байқалмайтын, бірақ қоғамды іштен әлсіретіп жатқан үрдіс.
“Бұл тыныш соғыстың құрбандары балаларымыз бен қоғам. Сондықтан үнсіз қалуға болмайды”, - деп түйіндеді қоғам белсендісі.
Заңгер әрі қоғам белсендісі Әлнұр Ильяшев те букмекерлік нарықтағы қаржы айналымы мен оның саяси ықпалына тоқталды.
“Букмекерлік бизнес ел экономикасына нақты пайда әкелмейтін сала. Ол не өндіріс жасамайды, не адам капиталына үлес қоспайды. Бұл — халықтан ақша алу тетігі ғана. Иә, салық төленеді, бірақ оның қоғамға әкелетін пайдасы шамалы”, — деді Ильяшев.
Ол бұл нарықтағы қаржы айналымының көлемі ел экономикасының кейбір стратегиялық салаларымен теңесіп қалғанын атап өтті.
Ресми деректерге сәйкес, букмекерлік бизнестегі айналым көлемі 3,5–5 триллион теңге аралығында. Бұл — мемлекеттік бюджеттен Ұлттық қорға жыл сайын бөлінетін қаражатқа шамалас сома.
2023 жылдың өзінде Olimpbet 130 млрд теңге, тағы бір компания 68 млрд теңге, ал Fonbet шамамен 10 млрд теңге салық төлеген. Бұл тек ресми көрсеткіштер, бейресми айналым көлемі белгісіз.
“Мұндай қаржы көлемі жүрген жерде міндетті түрде саяси ықпал да жүреді. Үлкен капитал әрқашан саясатпен байланысты. Бұл жерде тек бизнес емес, билік пен экономикалық топтардың мүдделері қақтығысып отыр”, — деді ол.
Сонымен қатар психолог Жұлдыз Баймұханова лудоманияның жастар арасында қауіпті деңгейге жеткенін айтты.
Маманның айтуынша, бұл тәуелділіктің ең жасырын, бірақ ең қауіпті түрі. Себебі ол адамның психикасын бұзып қана қоймай, басқа зиянды әдеттерге де жолын ашады.
“Тәуелділік ешқашан жалғыз келмейді. Ол өзімен бірге есірткіге және ішімдікке тәуелділікті, психологиялық күйзелісті ала келеді. Ал мұның соңы қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады”, — деді Баймұханова.
Психолог қазіргі таңда бұл бағытта арнайы дайындалған мамандардың жоқ екенін атап өтті.
“Біздің елде балалармен жұмыс істейтін аддиктолог мамандар жоқтың қасы. Біз көбіне ішімдік пен есірткіге тәуелділікті зерттейміз, ал лудомания мүлде назардан тыс қалып отыр”, — деді ол.
Баймұханова өз тәжірибесінен нақты мысал келтірді.
“Кеше ғана қабылдауыма 14 жастағы қызды алып келді. Оның қарызы — үш миллион теңге. Сол қарызды өтеу үшін ол жезөкшелікке барған”, — дейді ол.
Оның айтуынша, жасөспірімдер арасында букмекерлік сайттарға тіркелу, онлайн ойындарға бәс тігу үйреншікті құбылысқа айналған.
Маман мұндай жағдайлардың артуына интернет пен блогерлердің жарнамасы тікелей әсер етіп отыр дейді.
“Неге блогерлер букмекерлік конторларды жарнамалайды? Ішімдік пен есірткіні жарнамалауға тыйым салынған, бірақ бұл да сондай зиянды, тіпті одан да қауіпті дерт! Бүгінде блогерлер балалардың кумиріне айналған. Ал олар букмекерлерді жарнамалағанда, бала ойланбастан сеніп, бәс тіге бастайды”, — деді психолог.
Баймұханованың сөзінше, жасөспірімдердің психикасы толық қалыптаспаған, сондықтан олар оңай алданады. Ал қарызға батқан сәтте өздерін тығырыққа тірелгендей сезініп, суицидке дейін баруы мүмкін.
“Мұның бәрі — біздің қоғамның шындығы. Біз үнсіз қалмауымыз керек. Лудоманияға қарсы нақты заңнамалық шаралар қабылдануы тиіс. Өйткені бұл — балаларымыздың болашағына төнген үлкен қауіп”, — деп түйіндеді Жұлдыз Баймұханова.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ойын бизнесі саласына байланысты мемлекеттік органдарға жолдаған депутаттық сауалына қатысты түсініктеме берген еді. Бұл туралы халық қалаулысы өзінің ресми парақшасында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, оның сауалына байланысты кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар жариялаған орыс тіліндегі материалдарда нақты деректер бұрмаланып кеткен. Сол себепті Ермұрат Бапи ресми түсініктемесін екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде беруді жөн көрген.
«Ресми құжат үлгісіндегі сауалды баспасөзде мазмұндау кезінде ұқыптылық қажет. Себебі бұрмаланған дерек қоғамда қате пікір қалыптастыруы мүмкін», — деді депутат.
Ермұрат Бапидің айтуынша, қосымша зерттеу мен уәкілетті органдармен жүргізілген консультациялар нәтижесінде Бірыңғай есеп жүйесіне (БЕЖ) қатысты бұған дейін таратылған кейбір ақпараттар нақтылануды қажет ететіні анықталған.
Ресми дерек бойынша, жобаның пилоттық кезеңі 2024 жылғы 15 тамызда іске қосылған. Жүйе жасанды интеллект арқылы күніне 800-ге жуық заңсыз интернет-сайттарды автоматты түрде бұғаттай алады. Бұған дейін мұндай жұмыстарды мемлекеттік органдар қолмен жүргізіп, ол алты айға дейін созылатын.
Бапидің мәліметінше, БЕЖ жобасының негізгі мақсаты — қазақстандық ойын бизнесі саласында ашық әрі сенімді цифрлық орта қалыптастыру, заңсыз онлайн-казино мен букмекерлік сайттарды анықтап, бұғаттау.
Жүйенің мемлекеттік операторы – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Оператор ЕСУ» ЖШС, ол 100% мемлекет меншігіндегі ұйым болып табылады. Барлық серверлер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымында орналасқан, сондықтан деректердің сыртқа таралу қаупі жоқ.
Сонымен қатар депутат алдағы уақытта заңнамалық түзетулер енгізілетінін атап өтті. Жаңа нормаға сәйкес, букмекерлік компаниялар айналымының 3%-ын әлеуметтік және спорттық жобаларды қолдауға бағыттайтын болады:
- 1% — «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына;
- 1% — спортты дамытуға арналған «SportQory» қорына;
- 1% — Ұлттық олимпиада комитеті жанындағы қорға аударылады.
Ермұрат Бапи мұндай шаралар халықаралық тәжірибеге негізделгенін және саланың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналымды азайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Мен уәкілетті органдармен бірге жүйенің іске асуын әрі қарай да бақылап, азаматтарды оның нәтижелері туралы хабардар етіп отырамын», — деді Мәжіліс депутаты.