АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленский арасында кездесу өткізу мүмкін деп санайды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Зеленскийдің АҚШ-қа сапарына бір күн қалғанда мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Трамптың өзі де әлеуметтік желідегі Truth Social парақшасында Путинмен телефон арқылы ұзақ сөйлескенін хабарлап, екіжақты кездесуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды өкілдері алдағы аптада Будапештте кездесуге дайындық жүргізеді. Америкалық делегацияны мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарады.
«Путинмен келіссөздер аяқталған соң, Будапештте келісілген жерде кездесеміз. Басты мақсат – Ресей мен Украина арасындағы “масқара соғысты” тоқтату», – деп жазды Трамп.
Бұл ұсынысқа Ресей де оң жауап берді. Президенттің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Путин Трамптың шақыруын қабылдаған. Ол әңгіме кезінде Ресейдің майданда «стратегиялық бастамаға ие» екенін және Украинаға берілетін Tomahawk зымырандары «жағдайды өзгертпейтінімен, АҚШ-пен қарым-қатынасқа зиян келтіретінін» айтқан.
Кремльдің бастамасымен өткен бұл әңгіме туралы Ушаков:
«Путин Трамптың ұсынысын қолдады», – деді.
Ал Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Будапешттің екі президенттің кездесуін ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.
«АҚШ пен Ресей басшыларының кездесуін өткізу – әлемдегі бейбітшілікке ұмтылғандар үшін тамаша жаңалық. Біз дайынбыз!» – деп жазды Орбан Х әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Венгрия Халықаралық қылмыстық соттың Путинді тұтқындау туралы ордерін орындау міндетін сақтап отыр.