Түркістан облысында 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, осы бағытта 3 өндіріс орны ашылатынын бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Біздің өңірдің басты ерекшілігі – халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы – өңірдің маңызды саласы. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз.
Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Түркістан облысына қажетті судың 70 пайызы көрші мемлекеттен келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында заманауи су үнемдеу технологиясын ендіріп, жаңа дақылдар мен сорттарды өсіруге басымдық береміз.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд. теңгені құрап, өсім 105,8 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі бойынша облыс республикада жетекші орында тұр. Бұл бағытта нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2027 жылдарға жалпы 507 млрд теңге болатын 105 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы арқылы 8 мыңнан астам (8 346) жұмыс орны қалыптаспақ.
