28 наурызда Қазақстан «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясына қатысады, деп хабарлайды Dala News.
Жергілікті уақыт бойынша 20:30-дан 21:30-ға дейін ел бойынша үйлерде, кеңселерде және көшелерде жарық бір сағатқа сөндіріледі. Биыл акцияның тақырыбы – экотуризмді дамыту.
«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жыл сайынғы бастама. Оның мақсаты – табиғат пен ресурстарды қорғауға қоғамның назарын аудару.
Акция аясында Қазақстандағы бірқатар нысандардың жарығы өшіріледі. Олардың қатарында:
«Бәйтерек» монументі, «Астана Опера», Әзірет Сұлтан мешіті, Тәуелсіздік сарайы, «Астана Арена», «Алау» мұз айдыны, «Қазақстан» қонақ үйі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бар.
Жалпы, бұл бастамаға әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам, 180 елдің 7 мыңнан астам қаласы қатысады. Қазақстанда акция биыл 17-рет өтеді.
Ұйымдастырушылар азаматтарды 28 наурыз күні сағат 20:30-да жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өшіруге шақырады.
