Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай, парктің аумағында жаңа «Бұтақты» визит-орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жоба тұрақты туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымды жаңғырту аясында «Туранга Групп» компаниясы мен «Іле Алатауы» ұлттық паркінің серіктестігімен жүзеге асырылған. Жобаны іске асыру барысында Алматы қаласы әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылымға қолдау көрсетілген.
Визит-орталықтың ашылу рәсіміне Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев қатысты.
Кешен екі бөліктен тұрады: негізгі визит-орталық және «Бұтақты» атты кафе. Кафе жобаның серіктесі – кәсіпкер әрі экоактивист Сергей Спицынның басқаруында.
Орталықта келушілер үшін бірқатар заманауи мүмкіндіктер қарастырылған:
заманауи санитарлық тораптар, тамақтану аймағы, тимбилдинг және шеберлік сабақтарына арналған алаңдар, ашық ауада білім беру және мәдени бағдарламалар, сондай-ақ ұлттық паркке арналған сувенирлік өнімдер мен брендтелген тауарлар ұсынылады.
Жоба аясында QazaqNationalParks брендімен жұмыс істейтін 6 визит-орталық қызмет етеді. Инвесторлардың жалпы салымы 8,5 млрд теңгені құрап, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Оның ішінде «Бұтақты» орталығында 20 жаңа жұмыс орны құрылған.
Соңғы жылдары визит-орталықтардың ашылуы ұлттық парктерге келушілер санының айтарлықтай өсуіне әсер етті. Мысалы, Іле Алатауы ұлттық паркінде келушілер саны 2019 жылғы 300 мыңнан 2025 жылы 950 мыңға дейін артқан. Ал Шарын ұлттық паркінде бұл көрсеткіш 5 есеге өскен.
Алдағы уақытта Үлкен Алматы көлі аумағында жаңа визит-орталық салу жоспарланып отыр. Жобаның сәулетшісі – шотландиялық маман Рикардо Марини.
Жалпы, мұндай жобалар экологиялық туризмді дамытуға, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және халыққа қолжетімді демалыс инфрақұрылымын жасауға бағытталған.
