Асет Матаев карантинге қамалды

Самал Асқар 28 нау. 2026 18:00

КазТАГ агенттігінің бас директоры Асет Матаев тергеу изоляторында карантинге орналастырылды, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы оның адвокаты Рена Керимова мәлімдеді. Оның айтуынша, Матаевтың жағдайы ауыр: маңдайында үлкен тігіс, көзі ісіп, бетінің бір бөлігі көгерген.

«Ол жаңа келгендермен бірге 15 күндік карантинде отыр», – деді Керимова.

Адвокат Сауле Кобжанова мұндай жағдайда қолданылған бұлтартпау шарасын орынсыз әрі шамадан тыс деп бағалады. Оның пікірінше, Матаевқа медициналық көмек қажет, алайда ол тиісті жағдай жасалмаған камерада отыр.

Еске салайық, Асет Матаевтың ұсталғаны 18 наурызда белгілі болды. Ресми мәліметке сәйкес, Алматының Медеу ауданында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан.

Адвокаттың айтуынша, бұл жағдай алдын ала ұйымдастырылған арандату болуы мүмкін. Ол белгісіз адамдар Матаевқа шабуыл жасап, басына ауыр жарақат салғанын мәлімдеді.

Осы оқиғаға байланысты «Әділ сөз» қоры жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті.

Асет Матаев пен КазТАГ бас редакторы Амир Касенов Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша қозғалған іс аясында күдікке ілінген. Оларға «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған.

Редакция өз кезегінде жарияланған материалдар оқырмандардың шағымдарына негізделгенін және жалған ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove