Түркістан облысы Келес ауданында суға кеткен 7 жастағы баланы іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Dala News.
ТЖМ мәліметінше, бала 23 наурыз күні сағат 17:00 шамасында Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен. Іздестіру жұмыстарына ТЖМ, полиция, ҰҚК, жергілікті органдар, еріктілер мен туыстары жұмылдырылған.
Құтқарушылар Абай мен Жүзімдік ауылдары маңындағы өзеннің 42 шақырым аумағын тексеріп жатыр. Сонымен қатар су бетімен 15 шақырым, су астында 900 метр аумақ қаралған.
Шымкенттен келген құтқарушылар да іздеуге қосылып, Лесбекбатырдан Сырдарияға дейінгі 9 шақырым учаскені тексеруде. Іздестіру барысында дрондар, эхолот және 8 жүзу құралы пайдаланылуда.
Іздеуді жеңілдету үшін су деңгейін төмендету шаралары қабылданып, Қазығұрттағы шлюз тоқтатылып, Өзбекстандағы канал да жабылған.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.
