Алматыда құрылыс алаңындағы өрт толық сөндірілді

Самал Асқар 28 нау. 2026 16:57

Алматыда салынып жатқан әкімшілік ғимараттағы өрт толықтай сөндірілді, деп хабарлайды Dala News.

ТЖМ мәліметінше, өрттің аумағы 1000 шаршы метрді құраған. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмеген, зардап шеккендер жоқ.

Өрт Алатау ауданындағы Солтүстік айналма жолда орналасқан үш қабатты ғимараттың шатырында шыққан.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бірден шатырға көтеріліп, алты су оқпанын беріп, жалынды ауыздықтаған. Өрт ошақтарын анықтау үшін бензокескіштер қолданылып, автосатылар пайдаланылған.

Оқиға орнында құтқару қызметінің эвакуаторлары жұмыс істеп, көліктер қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар жедел штаб құрылып, аумақ полиция тарапынан қоршауға алынған.

Өртті сөндіру жұмыстарын Алматы қаласы ТЖД басшысы Дамир Ермағамбетов басқарды.

Жалпы, өртті жоюға 60-тан астам қызметкер мен 20-ға жуық техника жұмылдырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove