Instagram арқылы жасалған алаяқтықтан 121 адам зардап шегіп, 9 млн теңгеге жуық шығын келген, деп хабарлайды Dala News.
Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметінше, 31 жастағы азамат 2024 жылы жалған парақша ашып, адамдарға «ақшаны еселеп қайтарамын» деп уәде берген.
Ол жәбірленушілердің қаражатын 1XBETKZ букмекерлік кеңсесі мен Wooppay Wallet арқылы иемденген.
Нәтижесінде республика бойынша 121 азамат алданып, жалпы шығын шамамен 9 млн теңгені құраған.
2025 жылғы 19 қарашадағы сот үкімімен күдікті 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған.
Сот барысында ол кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осыған байланысты оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаған.
Қазіргі уақытта сотталған пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр.
