Алматыда жалған лицензия беру схемасы әшкереленді

Самал Асқар 28 нау. 2026 13:01

Алматыда лицензия алу үшін жалған мәлімет енгізумен айналысқан топтың заңсыз әрекеті анықталды, деп хабарлайды Dala News.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдіктілер 2021 жылдан бері «Е-лицензиялау» жүйесіне жалған ақпарат енгізіп, құрылыс саласында заңсыз лицензия алуға көмектескен.

Тергеу барысында олардың қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының қызметкерлерімен сөз байласқаны белгілі болды. Күдіктілер өздеріне қарасты компаниялар арқылы өндірістік база, арнайы техника және білікті мамандар бар деген жалған деректер ұсынған.

Нәтижесінде 400-ден астам компания сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған.

Тінту кезінде құжаттар мен заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Белгілі болғандай, мұндай «қызмет» үшін ұйымдастырушылар 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ақша алып отырған.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove