Ветеринария саласында 1 млрд шамасында қаржы жымқырылған

Самал Асқар 28 нау. 2026 09:40

Түркістан облысында ветеринария саласында 928 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Dala News.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында «Ветеринариялық қызмет» МКК басшылары мен қызметкерлері сатып алулар кезінде жалған мәліметтер енгізіп, қаражатты заңсыз аударып отырған.

Атап айтқанда, күдіктілер ЭЦҚ-ларын пайдаланып, төлем тапсырмаларында бірдей ЖСН-дарды көрсетіп, тек компания атауларын өзгерту арқылы әрекеттерін жасырған.

Тексеру барысында кәсіпкерлер тарапынан ешқандай қызмет көрсетілмегені және тауар жеткізілмегені анықталған.

Осының салдарынан мемлекетке ірі көлемде шығын келтірілген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.

26 наурызда төрт лауазымды тұлға – екі бұрынғы басшы, олардың орынбасары және бас бухгалтер – күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды.

Қазіргі уақытта басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove