ШҚО шаруаларының көктемгі егіс жұмыстарына 20 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді

Dalanews 17 сәу. 2023 03:31 725

Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы егіс алқабының көлемі 653 мың гектарды құрайды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 285 мың гектар жерге (44%)  егілсе, майлы дақылдар 214 мың гектар жерге (33%) егілген, ал жем-шөп егілген жер 135 мың гектарды (21%) құраған. Картоп, көкөніс, бақша дақылдары 19 мың гектарға (2%) егілгені мәлім болды.

Сондай-ақ, облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде көктемгі егіс жұмыстарына техника 98% дайын.

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 20 мың тонна арзандатылған (186,0 теңге/литр)  дизель отыны бөлінген. Төлем және жөнелту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

Сонымен қатар, топырақтың құнарлылығын арттыру үшін 25 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған, бүгінгі таңда 17,5 мың тоннасы алынған.  


Ал дәнді және майлы дақылдар бойынша тұқымдық материалмен қамтамасыз ету 100%-ды құрайды.

Көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін 4 млрд теңгеден астам субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көзделген. Оның ішінде – тұқым шаруашылығын қолдауға – 1 120,9 млн теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1 617,5 млн теңге, пестицидтердің құнын арзандатуға – 1 301,4 млн теңге, жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға суармалы су – 49,3 млн теңге қарастырылған.

Ағымдағы жылы ШҚО облысының Ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 8 млрд теңге несие қаражатын, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге – 1 млрд теңге беру жоспарлануда.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар