Шымкентте жұмысшы жастарға арналған бағдарлама бойынша заңсыз берілген жүздеген пәтер анықталды

Көркем Алдабергенова 14 қаз. 2025 09:38

Шымкентте жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы аясында жүздеген пәтер заңсыз бөлінгені белгілі болды. Тексеру нәтижесінде шамамен 500 пәтердің заңсыз жолмен берілгені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

2019 жылы бұл пәтерлер 5 жыл мерзімге, сатып алу құқығынсыз жалға берілген еді. Алайда тексеру барысында кейбір жалға алушылардың атына басқа тұрғын үй тіркелгені, ал кейбірі мемлекет берген пәтерлерді басқа адамдарға жалға беріп, пайда тапқаны белгілі болды.

Қала әкімдігі заң бұзылған барлық пәтердің коммуналдық меншікке қайтарылатынын мәлімдеді. Ал тұрғындар пәтерлерді өз еркімен босатпаса, сот арқылы мәжбүрлі түрде шығарылады.

"Тұрғын үй саясаты басқармасына тиісті ескерту жасалды. Мәселе қатаң бақылауға алынды. Қазір мамандар бұзушылықтарды жою бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Сот органдарына 439 тұрғынды шығару туралы талап-арыз жолданды. Бүгінге дейін екі іс бойынша шешім әкімдік пайдасына шықты", – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Билік өкілдері мұндай шаралар әділдікті қалпына келтіріп, тұрғын үйге шын мұқтаж жастарға мүмкіндік беруге бағытталғанын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар