Құжатта өлім жазасын енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Онда балаларды зорлағаны және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру қылмыстары үшін ең жоғарғы жаза ретінде өлім жазасын қолдануға рұқсат беру ұсынылады.
Жобаға сәйкес, Конституцияның 25-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда ұсынылады. Онда әрбір адамның өмір сүру құқығының ажырамас екені сақталады, бірақ қосымша тармақ енгізіліп, «өлім жазасы тек балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру үшін ғана қолданылуы мүмкін» деп көрсетіледі. Бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Президент әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысына балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы қылмыстар үшін ең қатаң жауапкершілікті қарастыратын заңнамаға өзгерістер дайындауды тапсырған болатын.
Айта кетейік, Қырғызстанда өлім жазасын қайта енгізу мәселесін референдумға шығаруы мүмкін. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров сұхбатында айтты. Егер түзетулер референдум арқылы қабылданса, Жогорку Кенеш Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер енгізеді.
Бұл бастамаға 17 жастағы Айсулуу М. есімді қыздың өлімі себеп болды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ел президенті Садыр Жапаров мәселе тек жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі мүмкін екенін атап өтті. Ал құқық қорғаушылар өлім жазасы қылмыскерлерге тосқауыл бола алмайтынын және әйелдер мен балаларды қорғау жүйесінің әлсіздігін алға тартады.