Елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бойынша қандай жұмыстар қолға алынған?

Dalanews 27 нау. 2023 03:11 961

Елордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азық-түлікті сөрелерге үздіксіз жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүруде. Бұл үшін отандық өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қабылданып жатқан шаралар туралы онлайн брифингте қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев айтып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласында инвестициялардың жалпы сомасы 88,3 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Жалпы инвестициясы 18,35 млрд теңгені құрайтын 72,3 мың тонна дайын өнімді (ет комбинаты, нан зауыты, жартылай фабрикаттар, ұн және кондитерлік өнімдер) шығару және қайта өңдеу бойынша өндірістік кешендердің құрылысы жөнінде 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ KazakhInvest-пен бірлесіп кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт салу үшін шетелдік инвесторды тарту бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл – польшалық Stokson компаниясы, жобаның жалпы құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды, – деді Мақсат Жаңабаев.


Сол сияқты жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрайтын 2 КТО (45 мың ш.м.), 2 млрд теңгені құрайтын 1 қойма кешенін (9,5 мың ш. м.), сондай-ақ 2,85 млрд теңге сомасына 3 көкөніс қоймасын (14 мың тонна сақтау) салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Жалпы инвестиция сомасы 22,7 млрд теңгені құрайтын жылдық қуаты 14 мың тонна өнім өндіретін 2 жылыжай кешенін салу да жоспарда бар екен.

Сонымен қатар Ақмола облысындағы жетекші ауыл шаруашылығы өнім өндірушілердің бірі «AQMOL FOOD» ЖШС-мен елордада жалпы құны 2,6 млрд теңге құрайтын 4 жыл бойы жәрмеңкені ашу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге аспақшы.

– Бүгінде қалада құны 9,8 млрд теңгені құрайтын 2 базардың құрылысы да қарқында жүріп жатыр. Жедел шаралардың бірі – «Айналым механизмі» болып саналады. «Айналым тетігі» аясында бюджеттен 14 млрд теңге бөлінген. Барлық ӘМАТ 19 түрі бойынша 35 мың тонна жеткізуге келісімшарт жасалды. Қолданыстағы шарттар бойынша 10 мың тонна көкөніс қоры бар. Бұл көлем қаланы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз екенін ескеріп, мамыр-маусым айларына 1 800 тонна (картоп – 812 тонна, пияз – 410, сәбіз – 340 және қырыққабат – 265) көлемінде импорттық көкөністерді жеткізуге келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр, – деді ол.

Елорданы қантпен қамтамасыз ету мақсатында Мерке зауытымен көлемі 3,5 мың тонна болатын 1,6 млрд теңге сомасына қантты жеткізу шартына қол қойылғанын басқарма басшысы жеткізді.


Сондай-ақ, азық түлік корпорациясы арқылы 1 сортты арзандатылған ұнды сату бойынша көлемі 5 338 тонна астықты жеткізуге меморандум жасалғанын да айта кетуіміз керек.

Сауран 7, Қосшығұлұлы, 14 мекенжайлары бойынша елордалық және өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен қала аумағында қалалық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жұмысы жалғасуда. Барлық өнімдер нарықтағы бағадан 10-15% төмен арзан сатылып жатыр.

– Тұрақты негізде баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемалардың Өңірлік комиссиясы отырысы кезінде пысықталуда. Жыл басынан бері 21 отырыс өтсе, оның 9-ы – көшпелі отырыс болды. Көшпелі кеңес барысында қаланың сауда объектілерінде сауда үстемесінің 15%-ын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, – деді Мақсат Жаңабаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар