Шетел мұрағаттарынан Қазақстан тарихы туралы құнды жәдігерлер табылды

Dalanews 23 мау. 2020 14:59 903

Шыны керек, бүгінге дейін тек империалистік біржақты көзқараспен зерттеліп келген қазақ тарихы жаңа тың деректерге сусап отыр. Осы орайда бұл олқылықтың орнын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылы қолға алынған «Архив 2025» бағдарламасы толтыруы тиіс.

Оның мақсаты – шетелдік мұрағаттар мен қорларда табылған тарихи деректерді жинақтап, зерттеп, сараптау. Кейін оның бәрі Ұлы даланың мәдениеті мен тарихы бойынша жасалатын электрондық қордың негізі болады. Аталмыш жоба аясында бүгінде қазақстандық ғалымдар әлемнің әр түкпіріндегі тарихи мұрағаттарға экспедиция жасап, деректерді жан-жақты зерттеуде.

Мәселен, Жоба жетекшісі Меруерт Әбусейітованың айтуынша Қазақстан тарихы туралы табылып жатқан құнды жәдігерлер Еуропаның  Ұлыбритания, Франция секілді елдерінде де жетерлік.

- Меруерт Қуатқызы, алдымен «Архив 2025» бағдарламасы туралы айтып өтіңізші.

- Бұл бағдарламаның бастауы сонау 2013 жылдан басталады. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жетекшілігімен ұлт тарихын зерттеу бойынша жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі өткен. Сол жерде Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аясында тарихи материалдарды зерттеу жөнінен Республикалық ақпараттық орталық (РАО) ашу туралы шешім қабылданды. Мен директоры болып тағайындалдым.

РАО-ның ғылыми жұмыстары бұған дейін жүзеге асқан «Мәдени мұра» (2004-2009 ж.ж.) және «Ғылыми қазына» (2012-2014 ж.ж.) мемлекеттік бағдарламаларының жалғасы. Бүгінде Орталықтың алдында үлкен мақсаттар тұр. Әлемде аналогы жоқ қор құруды көздейміз. Бұл қорға Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты елімізде және әлемде жүргізіліп жатқан әртүрлі экспедициялық зерттеулердің нәтижелерін тоғыстырып, архивтік материалдарды, қолжазбаларды, басқа да құнды жәдігерлерді жинақтаймыз.

– Бағдарлама бүгінде қаншалықты жүзеге асып жатыр?

– Әлемнің әртүрлі мұрағаттарында қазақ тарихы туралы шашылып жатқан деректер өте көп. Шыны керек, мұның бәрі ғасырлар бойы зерттелмеген материалдар. Олардың барлығын жинап, реттестіріп, жан-жақты сараптау керек. Сондықтан, қолжазбалар мен архивтік материалдарды жүйелі түрде толыққанды зерттеу үшін алдымен Археографиялық қоғам құрылды. Былтыр Археографиялық қоғамның тәжірибелі мамандары Ұлыбритания, Франция, Италия, Ресей, Украина, Польша, Венгрия сынды елдердің архивтеріне зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды.

Жиналған материалдардың барлығын Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы бірегей құжаттар деп айтуға болады. Жиналған қолжазбалардың барлығынан көшірмелер жасаттық. Оның бәрі алдағы уақытта үздіксіз толығып отырады.


Жалпы, табылған материалдардың барлығын жинап қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу қажет. Әрбір жаңа тарихи фактілердің барлығын назардан тыс қалдырмай, Қазақстан тарихының көпшілік біле бермейтін қырларын аша түсу керек.

– Өткен жылы Ұлыбританияда өткен археграфиялық экспедицияға өзіңіз де қатысыпсыз. Нәтижесімен бөліссеңіз.



– Ол жаққа нақты мақсаттармен бардық. Қазақ жері туралы парсы және түркі тілді қолжазбаларды қарап, мағлұмат жинауға тырыстық. Ұлыбританиядан елге шығыс манускриптерінің көшірмелерін алып келдік. Бұл қазақ елі үшін өте құнды жәдігер. Сол жақта Ходжамкули-бек Балхидің «Тарих-и Қыпшақи» қолжазбасының көшірмелеріне қол жеткіздік.

Мұнда ХV-ХVІІІ ғасырларда қазақ жерінде болған оқиғаларды баяндайды.

Осылайша «Тұманды альбионға» барған сапарымызда Қазақ хандығы туралы мағлұматтарды біраз толықтыра алдық. «Тарихи-и Қыпшақида» автор қазақ хандарының тегін, туған жерін, билікке келген уақытын нақты көрсетіп, сол кездегі саяси оқиғаларды жақсы аша білген.

Сондай-ақ, көршілес елдердің де басшыларының есімдері көрсетіліп, сол кезде өмір сүрген ақындар мен абыздардың аттары аталады. Фактілер мен сандар да нақты жазылған.

Сонымен қатар, Ұлыбританиядан «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» қолжазбасын да зерттедік. Онда да бізге қатысты құнды деректер өте көп. Осы қолжазбаны зерттеудің нәтижесінде Қазақ хандығының құрылуын, сол кездегі ғұрыптарды, алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібектің тарихын біле алдық. Бұдан бөлек, сол замандағы қазақ киімдері мен әртүрлі таңбаларын, тұрмыстық заттарды визуализация жасап жатырмыз.

Сондай-ақ, Осман сұлтандары мен Иран шахтарының сарай хаттамалары мен дипломатиялық хаттары да ерекше назар аудартады. Сұлтандар және хандар арасындағы көптеген хаттарды зерттедік. Олардың тек көршілес елдермен ғана емес, Қазақ хандығымен жазысқан хаттарын да тауып, сол кездегі жазбалардың ерекшеліктерін білдік.

Мұның барлығы бізге қазақ тарихына жаңа көзқараспен қарауға көмектесті. Әйтпесе, бұрын тек Ресей империясы және Орта Азия құжаттарымен ғана өмір сүріп, біржақты мәлімет қана алып келген едік.


Яғни, біз үшін Ұлыбритания кітапханаларынан табылған жәдігерлер өте құнды. Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай тағы басқа елдерден табылған қолжазбалар мен құжаттар арқылы Ұлы дала тарихын бастан-аяқ суреттеп шыға аламыз.

– Ал бұл материалдардың барлығын қайдан тауып оқуға болады, әлде тек құжат түрінде архивтерде жатыр ма?

– Әр экспедицияның қорытындысы туралы әртүрлі басылымдарға жариялап отырамыз ғой. Бұдан бөлек, біздің мамандар бүгінде Ұлы дала қолжазбаларының, архив материалдарының және жәдігерлерінің каталогын» дайындар жатыр. Бұл электронды каталог болмақ. Осылайша табылған материалдарды қағаз түрінде қалдырмай, көпшілікке электронды түрде ұсынамыз.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар