Dalanews.kz-тің бүгінгі спикері де қазақ тілі үшін жылдар бойы құқықтық күрес жүргізіп келе жатқан заңгер, қоғам белсендісі – Жандос Өстемір. Бүгінге дейін қазақ тілінің мәселесіне қатысты тиісті органдарға бір өзі eOtinish арқылы 5000-нан аса шағым түсірген Жандос Өстемірмен астаналық тілшіміз кездесіп, қазақ тілінің құқықтық жай-күйі туралы әңгімелесті.
– Жандос мырза, тіл мәселесіне қатысты бірталай жұмыс атқарған екенсіз. Жалпы, қоғамдық жұмыспен айналысқаныңызға қанша жыл және бұл күрестің басталуына не түрткі болды?
– Осы мәселемен 15 жыл бойы айналысып келемін. Бұған белгілі бір мекеме телефон шалғанда «здрәсте, говорите по русский» деген дөңайбат талап түрткі болды.
«Өз елімде қазақша сөйлегенім үшін неге айыпты болуым керек» деген сауал маза бермейтін. Орысша сұрақ қойған адамға қазақша жауап қатсаң жақтырмай, тіпті, кейде тосырқай қарайтын.
Өкінішке қарай, 15 жыл өтсе де, баяғы жартас, сол жартас. Қазақша жауап берсең «ұлтшыл» деп жақтырмай қарайтындар көп. Осыған қатты налимын. Өз елімде қалаған ақпаратты еш қысылмай ана тілімде алуыма кедергі болмаса деймін.
– Сіз қандай да бір қауымдастықта барсыз ба, әлде тек азамат ретінде өз бетіңізше күрес жүргізіп келесіз бе?
– Ешбір қауымдастық өкілі емеспін. Қазақ тілі арқылы біреулер хайп жасайтын болар, бірақ мен тілге деген күресті заңгер болған соң нақты талап-тілек арқылы жүргіземін.
- Тіл үшін жүргізіп келе жатқан күресте моральдық қысым, эмоциялық қарсылықтан бөлек қандай проблемаларға тап боласыз?
– Нормативтік жағынан көптеген кедергіге тап болдым. Тіл мәселесін көтергенде көпшілігі «бізде қос тіл бар» дегенді алға тартады.
Көп ретте «қазақ тілі барлық салада қолданылатын тіл» деген норманы талап-арызыма аргумент ретінде келтіремін.
Ата Заңда «мемлекеттік тіл біреу ғана, орыс тілі – меморган мен өзін-өзі басқару органдарында қолданылады» деп көрсетілген дегенді мемқызметкерлердің өзі түсінбейді. Тілдер туралы заң, салық кодексі мен басқа да заңда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғанына қарамастан, «қазақ және орыс тілінде» деген тіркесті қосып тастаған.
Алдыңғы жылы «Тіл туралы заңға» өзгеріс енгізіліп, біраз демеу болды. Бірақ ол жеткіліксіз. Ол жерге де «қазақ тілі, қажет болған жағдайда орыс тілі және өзге де тілдер» деген көптеген бап енгізілді.
Көрнекі ақпаратта бұрын тек қазақ тілінде жазу заң бұзушылық еді, бір-екі жылда «қажет болған жағдайда орыс немесе өзге тілде» деген қосылып жақсы болды. Бүгінгі таңда кез келген көрнекі ақпаратта қазақ тілі болуы міндетті.
– Арыз-шағымды қалай жібересіз және осы уақыт аралығында қанша арыз жазғаныңыздың есебі бар ма?
- Талап тілектерімді Е-Otinish арқылы жіберемін. Осы күнге дейін тілге қатысты 5000-нан аса арыз-шағым түсіріппін. Кез келген қызмет түрінде сервис қазақша болмаса, саланы анықтап алып, тиісті мекемеге өтініш жолдаймын.
Мәселен, ас мәзірі мемтілде болуы керек деген нақты бап бар. Соған сүйеніп, кез келген кафе, мейрамханалардан мәзірдің қазақ тілінде болуын талап етіп келемін.
Барлық жер мәзірдің қазақ тіліндегі нұсқасын әзірлеп қойған, біреу сұраса ғана әкеп береді. Қарасаңыз жап-жаңа, мүлде ашылмаған болып тұрады. Одан бөлек, фискалды түбіртектер бар. Салық, қаржылық түбіртек деген кез келген мемлекеттің белгісі. Фискалды чек қай тілде жазылса сол мемлекетке тиесілі дегенді білдіреді.
Соңғы төрт-бес ай осы мәселемен айналысып, көптеген мекеме қазақ тіліндегі түбіртекті шығара бастады. Қызмет алғанда чек сұраймын, қазақ тілінде болмаса тиісті органға хабарласамын. Алғаш Анвар, Small сияқты ірі сауда желілерінен бастадым. Әзір осы сауда желілерінде чектер қазақ тілінде беріле бастады.
– Сонда чектерге қатысты да заңның осал тұстары бар ма?
– 2018 жылғы Қаржы министрінің «чекте қазақ тіліне тән әріптер болуы керек» деген бұйрығы бар. Бірақ ары қарай қадағалайтын орган олар емес. «Кәсіпкер түбіртекті қай тілде жазатынын өзі таңдайды, сол себепті біз оған айыппұл сала алмаймыз» дейді.
Қазақ тіліне мемлекет деңгейінде мәртебе берілмеген
– Бұл қазіргі саяси элитаның өз жағдайларын ойлап жасап отырған әрекеті ме, әлде осыны жақсылап жазатын заңгерлердің болмауы ма?
– Бізде 30 жыл бойы – саяси элита, лауазымды басшылар, ірі бизнес өкілдері тек орыс тілінде сөйлеп келе жатыр.
Демек, оларға мемтілдің мәртебесінің көтерілуі, орыс тілінің мәртебесінің түсуі дискомфорт тудырады. Болашақта өздеріне ыңайсыз болады, сол себепті олар тіл мәселесін созып келеді. Мәселен, 2005 жылы – 70%, 2012 жылы – 80% және тұңғыш президентіміздің 2020 жылы бәріміз қазақша сөйлейміз деген сөзі бар. Қазір 2023 жыл аяқталып жатыр, жағдай әлі өзгермеді.
– Демек, халық үміт артқан жаңа Қазақстанның саяси элитасы да бұған мүдделі болмай тұр ғой?
– Қазіргі Президент Жолдауында қазақтілді аудиторияға төрт-бес кәмпит лақтырғандай жұбаныш болар сөзді айтты. «Ұлттық қауіпсіздік – қазақ тілінен басталады» деді. Бірақ артынша «қазақ тілі мәселесін саясиландырмаңдар» деп жатыр. Екі күннен кейін «Халықаралық орыс тілі ұйымын құрайық» деді.
– Заңгер болған соң көптеген құжат сіздің қолыңыздан өтеді, одан бөлек қандай да бір пәрмен бар ғой сізде?!
– Бірақ бұл жеткіліксіз. Тек Қазақстанда ғана адам қазақ тілін білмей мемқызметкер бола алады. Қазтест деген бар, оның нәтижесі жұмысқа кірер кезде есепке алынбайды. Бұл дегеніңіз барып тұрған сорақылық.
Мемлекеттік қызметтер агенттігіне бірнеше рет нақты қызметкерге қатысты арыз жаздым. Заңгер ретінде баптарға сүйенейін десең «мемлекеттік қызметші – мемлекеттік тілді сыйлауы керек» деген де норма жоқ, тек жалпы тілдерді сыйлауы керек деп жазып қойған.
– Осы мәселемен 15 жыл болды айналысып келе жатырмын дедіңіз, осы уақыт аралығында қазақ тілінің жағдайы қаншалықты жақсарды?
– Заңдық тұрғыдан ешқандай орта құрылмады. Белгілі бір жағдайларға байланысты ғана өзгерістер бар.
Өткенде Қарағандыға барғанымда бірнеше жерден чек жинап, оларды түзеттірдім. Жағдайдың өзгеруі сол жердегі Кіріс департаментінің нақты қызметкеріне байланысты. Кіріс департаменті «біз тек ақша жинаумен айналысамыз, тілге қатысты тіл басқармасына барыңдар» дейді. Тіл басқармасында ешқандай құзырет жоқ. Әшейін ұсыным хат жібереді.
Сондағы адамдарға «Бұл менің жеке мәселем емес. Сіздер қазақ ретінде, қазақтілді азаматтың құқығы қорғалуы керек, олар кемсітуге ұшырамауы тиіс» деп ойламайсыздар ма? Олар салық төлеуші, неге қызметті ана тілде ала алмайды» деп намысына тигеннен кейін ғана оң өзгерістер болады.
О баста Қаржы министрлігінде қазақы адам отырып, осы жұмыстың бәрін заң нормасына кіргізгенде фиксалды чектерге қатысты еш мәселе туындамас еді.
Конституциядан орыс тілін алып тастау керекпіз
– Қазақтілді азаматтардың заңдық тұрғыдан құқы бұзылмас үшін не істеуіміз керек?
– Конституциядан орыс тілін алып тастау керек. Орыс тілінің мәртебесін өзге тілдермен теңестіріп қою керек. КСРО құрамында болған 15 мемлекеттің ішінде тек бізде ғана мемтіл туралы заң жоқ. 1995 жылғы «Тіл туралы заң» бар, содан бері 32 жыл өтті.
– Ол заң не үшін керек?
– Мемлекеттік тіл туралы заң – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, міндеттеу үшін қажет. Бізде тіл туралы заңның бәрінде қасына әшейін орыс тілін қосып кете берген.
Мемлекеттік қызметтегі кез келген адам қазақ тілін білуі тиіс және қазақтілді азамат еш жерде қысымға, кемсітушілікке ұшырамау керек.
Одан бөлек, Қазақстанда мемлекеттік тілді қорғаумен айналысатын нақты ұйым жоқ. Қазір «орыс тілін дамыту, азаматтардың құқын кемсітпеу» деген жиі айтылады. Астанада барлық жерге барып қазақша сөйлеңізші, біраз мекеме сізге өз тіліңізде жауап бермейді, кем дегенде үш-төрт жерде ұрыс-керіс болады. 2017 жылы мен кинотетарлардағы қазақ тілі мәселесімен айналыстым...
– Ол кезде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ма еді?
– Иә, ол кезде мәдениет туралы заңда «Фильмдер қазақ тілінде дубляждалуы тиіс» деген норма болды. Соған сілтеме жасап, кинотеатрларға барып, қазақ тілінде қызмет ала алмай шағым жасадым. Қазақтілді сеанстар көп жағдайда түнге қойылатын, мұны да бірталай адам жазып, шағымданды.
Содан олар осы мәселені шешудің жолы ретінде – «фильмдерге субтитрлер қойылуы міндетті» деген заңды енгізіп тастады.
– Ол субтитрлердің қазақшасы қып-қызыл қате ғой?!
– Иә, ойланбай жасалған заң нормаларының соңы осындай қателіктерге ұрындырады. Қазақ тілін дамытуға мемлекетте ниет жоқ. Заң нормасының өзін пайдаланбай отыр, ал соңында жап-жақсы заңға субтитрді қосып қойды. Медицина саласында да осы жағдай. Мемлекеттік органдардағы сайттардың бәрінде бірінші кезекте орыс тіліндегі нұсқасы ашылады.
Ұлттық идеология және «Прибалтика тәсілі»
– Мұның бәрі ұлттық идеологияның жоқтығы емес пе?
– Иә, ұлттық идеология жоқ. Өзгерісті өзіңнен, сосын отбасыңнан бастау керек. Менің отбасымда барлығы «орысша сөйлеген адамға қазақша жауап беру» ұстанымын ұстанады. Балтық елдерінде «Прибалтика тәсілі» деген болған.
– Ол қандай тәсіл?
– «Прибалтика тәсілі» бойынша қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақ тілді азаматтардың өздері жасайды.
90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстониядағы орыстілді тұрғындар мемлекеттік статус алған тілді мойындамай, орыс тілінде сөйлеуін тоқтатпады. Мемлекеттік тілді білуді, үйренуді керек етпеді.
Бұларда да біздегі сияқты, алғашқыда «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу міндет» деген секілді ақыл-кеңес, жұмсақтап айтулар болды.
Алайда орыстілді азаматтар «мен бөтен тілді білуге тиісті емеспін, мені түсінгісі келсе басқалар менің тілімді білсін» деген шовинистік ұстанымнан айырғылары келмеді.
Мемтілді міндеттеу басталғанда орыстар «бізді кемсітіп жатыр» деген дабыра көтеріп, жалайырға жар салды. Мұндайды күтпеген Балтық елдерінің меморгандары алғашқыда сасып қалды.
Осы жағдайда, елу жыл орыстың езгісін көріп, қаны қайнаған жергілікті ұлт өкілдері жаңа әдісті ойлап тапты. Мұның негізінде «сенің қай тілде сөйлейтініңде жұмысым жоқ, ал мен өз тілімде сөйлеймін» деген ұстаным жатты. Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы латыштар мен эстондар аз уақытта ана тілін тірілтіп алды.
– Мухоряповтың кейсі орыстілді кәсіпкерлерге сабақ болмаған тәрізді. Жақында ғана «Business FM» радиосының бас директоры Рустам Мақсұтов қазақ әндерінің көпшілігі радиоға жарамайды деген пікір айтты. Осындай жағдайға заңдық тұрғыдан қандай шаралар қолдануға болады?
– Айналып келгенде, мәселе «Мемлекеттік тілдің мәртебесі» туралы заңның болмауына келіп тіреледі. Осы радиомен әріптесіп жұмыс істейтін қазақтілді кәсіпкерлер жарнама шартын бұзып, тапсырыс бермеуі керек еді. Біз оларды осылай ғана тәртіпке шақыра аламыз. Қалтасына салмақ түскенде Мухоряпов сынды қазақ тілінде сөйлеп кетер еді. Мухоряпов сол оқиғадан кейін жоғарыдан бір дөкейдің өзіне хабарласып «ештеңеге алаңдама, оның бәрі бос әңгіме» дегенін айтты. Осы оқиға жоғарыдағы элитаның қазақ тілінің дамуына мүдделі емес екенінің дәлелі.
– Қазақ тілінің он-он бес жылдағы жағдайы қандай болады деп ойлайсыз?
– Ол біздің элитаға байланысты. Өкінішке қарай, біздің билік қазақты несиеге отырғызып, қарнын аш қылып, рухтың жағдайына қарай алмайтындай мүшкіл халге түсіріп тастады. Одан бөлек, билік тілдің дамуына кедергіні қолдан жасап отыр.
Қазақстанда қазақ тілін білмейтін адам нан таба алмайтындай жағдай жасаса көбі қазақша сайрап кетер еді.
Қазақша білмейтіндер жұмысқа кіреді, келіссөздер орыс тілінде, іс-қағаздар орысша. Күнделікті хаттарды орысша жазып, қазақшаға аударып өзімізді алдап жүрміз.
Қазақ тілі мәселесін көтерсең, шу етіп қарсылық танытатын өзіміздің орыстілді қазақтар. Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіп, өзін өзі құрметтеуді үйренсе дейсің.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет! Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болған күніне тезірек жетейік!
Сұхбаттасқан
Айжан ҚАЛИЕВА